«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАЙЛЫ ЖИҺАЗ ІЗДЕСЕҢІЗ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жиһаз жасау ісі – өңірде қарқын алып келе жатқан салалардың бірі. Мұның бір себебі – облыста өндіріске қажетті шикізаттың жеткілікті болуы, екіншіден, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай қолдау тетіктерінің сан түрлілігі. Бұл қос мүмкіндікті “Lion Mebel” жеке кәсіпкерлігі тиімді пайдаланып, ісін өрге домалатып отыр.

Өткен жылы жиһаз фабрикасы “Бизнес­тің жол картасы – 2025” бағдарламасына қатысып көрген. Бағдарлама шағын және орта бизнес субъектілеріне қаржылай қолдау көрсетуді мақсат етеді. Мемлекеттік көмектің арқасында кәсіпорын жылдық мөлшерлемесі 17,5 пайыздық 4,5 млн. теңгенің несиесін алған. Қарыздың 6 пайызын кәсіпкер өтейтін болса, қалған 11,5 пайызын “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы субсидиялайды. Нәтижесінде көп жылдар бойы ағаш жиегін өңдейтін қондырғыға зәру жеке кәсіпкер Никита Петров қажетті техникаға қол жеткізді. Бұған дейін өзінде мұндай техника болмағандықтан өзге цехтардың қызметіне жүгінуге тура келген.
– Бұған дейін қажетті құрал-жабдықтарды өз қаражатымызға сатып алып жүрдік. Мемлекеттік бағдарламаның шарапаты мол екенін естіп, бұл қолдауды пайдалану керек деп шештік. Ендігі кезекте үнемделген қаржы қызметкерлерімнің жалақысын арттыруға бағытталатын болады. Бүгіндері облысымызда жиһаз құрастыратын кәсіпорындар арасында бәсекелестік жоғары. Халық санының көбеюі, жыл сайын тұрғын үйлердің көптеп пайдалануға берілуі тұрғындар арасында жиһазға деген сұранысты арттыруда. Сондықтан біз көш соңында қалып қоймауға тырысудамыз, – деді Никита Петров.
Қызылжарлық кәсіпкердің жиһаз жасаумен айналысқанына 10 жылдан асқан. Алғашында қарамағындағы жалғыз қызметкермен бірге тапсырыс бойынша диван мен жұмсақ креслоларды қаптап, ескілерін жөндеумен шектелген. Кейін бұл саланы толыққанды игеріп, көрсететін қызмет түрінің ауқымын кеңейте түскен. Бүгіндері жеке кәсіпкерлікте диван, кресло, кереует, үстелдер мен орындықтардың бірнеше түрі жасалады. Табыс өскен соң еңбеккерлер саны да артқан. Қазір цехта 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлық жалақысы 150 мың теңгені құрайды. Өндіріс басшылығы бұл кәсіпке бірінші рет аяқ басқалы отырған жас мамандарды да қызметке орналастыруға қарсы емес. Басшының айтуынша, былтыр карантинге қарамастан кәсіпорын 8,5 млн. теңгенің жұмсақ жиһазын жасап шығарған. Дайын өнім облысымыздан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Жезқазған, Көкшетау және Атбасар қалаларына жөнелтіліпті. Соңғы кездері Ресейдің Омбы облысының тұрғындары тарапынан да сұраныс арта түскен.
Пандемияға байланысты көптеген зауыттар мен фабрикалар жұмысшыларының санын қысқартуға мәжбүр болуда. Ал аталмыш цех басшылығы керісінше қосымша үш қызметкерді жұмысқа алған. Екі қолға бір күрек тапқандардың бірі – Сергей Кирьяков.
– Мен бұған дейін басқа салада еңбек ет­тім. Заман ағымына ілесу қажет. Сол себепті осы жерге жұмысқа орналасып, жаңа мамандық түрін игердім. Айлығымыз да кешіктірілмейді. Яғни, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Менің күнделікті міндетім – жиһаздың бетін матамен қаптау. Қиын болып көрінгенімен, мен үшін үйреншікті жұмыс. Ең бастысы ісімізді тиянақты орындаймыз. Сапа мәселесіне басымдық береміз. Себебі, сапалы тауар қашанда сұранысқа ие, – дейді цех жұмысшысы.
Қызылжар өңірінде жасалған өнім Ресей мен Беларусь елдерінде шығарылған тауарлармен бәсекелесе алады. Кәсіпорынның сату ісі жөніндегі менеджері Екатерина Дегтяреваның айтуынша, негізгі шикізат көзі, яғни тақтайлар жергілікті ағаш тілу цех­тарынан жеткізіледі. Себебі, өңірімізде жиһазға қажетті аққайыңдар жетерлік. Ал жиһазды қаптауға арналған мата мен паролон Көкшетау мен Нұр-Сұлтан қалаларынан жеткізіледі екен. Әзірге, тек серіппе мен диванның өзге темір механизмдерін ғана Ресейдің Белорецк қаласынан әкелуге тура келеді. Болашақта оларды да өзімізде шығаруды ойлас­тыруда.

Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp