Жыл соңына дейін Петропавл қаласында университеттің заманауи оқу-зертханалық корпусы мен студенттерге арналған 244 орындық жатақхананың құрылысы аяқталады. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы ұйымдастырған баспасөз туры аясында құрылыс алаңдарында болып, орындалған жұмыс барысымен танысты.
Тілшілер алдымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің жаңа оқу-зертханалық корпусының құрылыс алаңына барды. Құрылыс өткен жылдың мамыр айында басталған. Құны 8 млрд. теңгені құрайтын нысан 11 қабаттан тұрады. Онда студенттердің ғылыми ізденістеріне арналған 73 зертхана шоғырланады. Бас мердігер – «Вершина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің учаске басшысы Сергей Казаченконың айтуынша, қаңтар айының алғашқы күндері ауа райы суытқандықтан, құрылыс қарқыны бәсеңдеген. Дегенмен, мердігер компания өкілі нысан қолданысқа уақытында берілетініне сенімді.
– Аязды күндері далада жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Күн жылығаннан кейін қайта іске кірістік. Бүгіндері ғимараттың құрылысына 30 маман жұмылдырылған. Әзірге, осынша қызметкер жеткілікті. Барлығы дерлік «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырылды. Орташа айлық жалақылары 140 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта тағы қосымша жұмысшылар жалдайтын боламыз, – деді компания өкілі.
Жаңа корпус ғимаратын тұрғызуға, негізінен, отандық құрылыс материалдары қолданылуда. Арматура көрші елден жеткізілсе, бағаналарды тұрғызуға арналған тіреуіштер Нұр-Сұлтан қаласынан әкелінген. Қалған шикізат, негізінен, жергілікті зауыттардан алыныпты. Заманауи нысанның жалпы аумағы 18,2 мың шаршы метрді құрамақ.
Баспасөз туры барысында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мағжан Жұмабаев көшесі бойындағы Қызмет көрсету колледжіне қарасты жатақхананың құрылысын көрді. Нысанды салу өткен жылдың мамыр айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстарына «ТОИР» ЖШС-і жауапты. Жобаның жалпы құны 888 млн. теңгені құрайды. Бүгіндері ғимараттың іргетасы қаланып, бағаналарды қою жұмыстары жүргізілуде. Учаске басшысы Сергей Поддубовтың айтуынша, нысандағы жұмысқа 14 құрылысшы жұмылдырылған. Студенттерге арналған ғимарат шілде айының соңында пайдалануға беріледі.
Соңғы жылдары облыста студенттерге арналған жатақханаларда орын тапшылығы сезілуде. Бұл нысан осы өзекті мәселені шешуге септігін тигізбек.