Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудандық, қалалық және ауылдық билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобасында бірқатар нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады:
– аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің кіріс базасын кеңейту;
– бюджеттік рәсімдерді оңайлату;
– әкімшілік-аумақтық бірліктерге қойылатын талаптарды жетілдіру;
– жергілікті өкілді және атқарушы органдардың дербестігін кеңейту және жауапкершілігін күшейту.
«Ұсынылған негізгі нормаларға толығырақ тоқтала кетейік. Бюджетті нығайту мақсатында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту бюджеттің төртінші деңгейге қосымша салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру ұсынылады. Сонымен қатар, ауылдық округтер әкімі аппаратының резервін құру ұсынылады. Бұл қаражат жергілікті қоғамдастықтың бастамасы бойынша кезек күттірмейтін шығындарға бағытталатын болады және өз кірістерінің он пайызынан аспайды. Жоғары тұрған деңгейлердегі бюджетке ұқсас ауылдық округ әкімі аппараты үшін бюджетке түзетулер енгізу көзделіп отыр», деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.
Оның айтуынша, қаржы жылы кезеңінде аудан және ауылдық округ бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттер көлемінің өзгеруіне жол бермейтін Бюджет кодексіне нақтылаушы норма енгізіледі. Сондай-ақ, мәслихаттардың шешімдерін әділет органдарында тіркеу қажеттілігі бойынша норманы алып тастап, бюджеттерді бекіту рәсімін оңайлату ұсынылып отыр.
«Әкімшілік-аумақтық бірліктер санатын өзгерту тәртібін анықтауды ұсынамыз. Осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда қала мәртебесін бес жыл ішінде, ал ауылдар – үш жыл ішінде өзгерту жүзеге асырылады. Яғни жергілікті атқарушы және өкілді органдар осы кезеңде елді мекендердің одан әрі келешегін ескере отырып, экономикалық дамуы үшін шаралар қабылдауы тиіс», деді министр.
Бұдан бөлек, мәслихат пен оның депутаттарының мәртебесін арттыру бойынша бірқатар түзетулер қарастырылған. Мәслихат сессиясы төрағасының қызметін таратып, оның өкілеттігін мәслихат хатшысына беру ұсынылады.
Сонымен қатар әрбір облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда мәслихаттың тұрақты комиссия төрағаларының босатылған екі лауазымын енгізу ұсынылады.
«Бұл заң жобасы өңірлердің дербестігі мен жауапкершілік деңгейін арттыруға және жергілікті маңызы бар мәселелерді неғұрлым жедел шешу үшін бюджеттік рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді», деді Ә.Ерғалиев.
https://egemen.kz