«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТӘЙТҚАРА”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Зоотехник, бухгалтер мамандықтары бойынша білім алып, талай жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қызмет етсе де, жергілікті басылымнан қол үзбеген газетіміздің байырғы авторларының бірі Ысқақ Арқаевтың есімі де, қазақы қалжыңға толы әзіл әңгімелері де оқырмандарымызға жақсы таныс деп ойлаймыз. Бүгінде 70 жастың биігіне көтеріліп отырған мерейтой иесін өмірінің айтулы күнімен құттықтап, ауыл өміріне қатысты шағын әңгімесін оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Кеңшардың кадр бөлімінің инс­пекторы Қаратайды жұрт ­сырты­нан “Тәйтқара” деп атайтын. Бұл ла­қап ат оның тік мінезіне, бір­беткейлігіне байланысты қойыл­са керек. Орта жастан асқан, түр-әлпеті қараторы азаматтың ашу­ланғанда “Тәйт әрі!” дейтін үй­реншікті сөзі мақалға айналып кет­келі қашан? Тағы бір ерекше­лігі, адамдардың жасына, лауа­зымына қарамастан, ойындағы­сын тура бетіне былш еткізіп ай­тып салатын. Турасынан айту кім­ге ұнар дейсің, кейбір ауылдаста­ры Қаратайдан аулақ жүруге ты­рысатын. Бүгінде 70 жастан ас­қан ауылдың ардақты азаматы Қа­ли қарт отырыстарда оның кей­бір тұрпайы болса да мағыналы, тәр­биелік мәні зор қылықтарын айту­дан жалыққан емес. Соның бірі­мен бөлісуді жөн санап отырмын.
Отырыстардың бірінде Қали қарт: “Өткен ғасырдың 70 жылда­рының соңында мен кеңшарда ком­сомол комитетінің хатшысы едім, – деп әңгімесін бастап, сө­зін мынадай қызықты оқиғамен жалғастыра түсті. – Қыс басталы­сымен ауыл тұрғындары соғым­да­рын сойып, туған-туыстарын, жора-жолдастарын омыртқаға шақырып мәре-сәре болатын. “Тең-теңімен, тезек қабымен” де­гендей, сол тұста кеңшар ди­рек­торынан бастап бас мамандар мен белсенділер ауыл тұрғында­ры­нан бөлектеніп, өзара аз құ­рам­мен бірін-бірі қонаққа шақы­ра­тын. Кезек кадр бөлімінің инс­пекторы Қаратайға жеткенде ол:
– Жексенбі күні сағат 15 ми­нут­сыз бірге біздің үйге соғым еті­не келулеріңізді өтінемін, кешік­пеуге тырысыңыздар – деп ха­барлапты. Шақырған уақытына таңғалған замандастары: “Мына пәле, тағы не шығарғалы отыр?” – деп іштей тынғанымен, белгі­ленген күні келіншектерін ертіп әлгі үйге барады.
Қонақтар бір-бірімен аманда­сып, дастарқан басына жайға­сады.
“Айтпақшы осы арада жас әрі бойдақ мені қатарларына неге қос­қанын айта кетейін, – деп Қа­ли бір күліп алды. – Әкем марқұм жастайымнан маған соғым сою­ды, оны қалай мүшелеу керек­ті­гін үйреткен. Содан қасапшы бо­лып, шақырыстарда да ет турау міндетіме айналды. Әлгі бастық­тар мені осы өнерім үшін де қа­тарларына қосып алатын. Қа­шан­ға дейін осы дөкейлерге қыз­мет етіп жүре беруім керек? Бір күні қулыққа көшуді жөн көрдім. Он қолымның қос саусағын дәке­мен байлап тастадым. Сұраған жандарға байқаусызда жаралап алдым деп өтірікті соқтым. Осын­дай қалпыммен әлгі Тәйтқара­ның үйіне келдім. Көп кешікпей үй иесі астау толы асын ортаға қойып:
– Ал ағайындар, мынау бұ­йыр­ған астан дәм татып, жілік жа­рып, көңілді отырыңдар, – деп ті­легін айтты. Етке тоятын болдық қой деп қалжыңдасқан қонақтар­дың жүздеріне күлкі үйірілді. Қаратай өткір ағаш сапты бәкісін директорға ұстатып, өзі әйелдер­ге ет турап беруге кірісті.
“Енді бар қызық осы жерден басталады, – деп Қали бізді әңгі­меге ынтықтыра түседі. – Біздің үс­­тел басында отырған директор ет турауға шамасы келмейтінін мең­зегендей маған бір бадырая қа­рады да, бәкіні оң жағында отыр­ған бас агрономға ұстатты. Зей­­нет жасына таяп қалған ол бә­кіні бірден бас зоотехникке жыл­жыт­ты. Бас зоотехник жеңілтек, қал­жыңқой адам болатын, “Мен етке жа­қын болсам да, жеуді ғана бі­ле­мін”, – деп бәкіге ұмтыла қой­мады. Енді біреулері: “Мінезім жа­ман, пышақ, бәкі ұстамай­мын”, – деп те әзілдеп жатыр. Сөйтіп, әлгі бәкі үстелді бір-екі айналып шықты. Ет болса, әлі туралған жоқ. “Сен салар да мен салар, ат­қа жемді кім салар” демекші, осы­лай біраз отырып қалдық. Әйел­дердің табағындағы етті турап болған Қаратай бәріміздің бұл әдетімізді жақтырмай қалды. Бас табақ қойылған дастарқан басы­на жетіп келіп:
– Оу, ағайындар, бұл не оты­рыс? Сендерді сыйлап, үйіме ша­қырдым. Алдарыңа ас қойдым. Дәмнен үлкен емес шығарсың­дар, шеттеріңнен шіреніп, ет ту­рау­ды арсынып отырсыңдар ғой. Менің адал асымды мазақ қыл­ған­дарың не? – деп табақты ас­үй­ге апарып тастады. Тұздық да­йындап, жүгіріп жүрген бәйбішесі кү­бірлеп, бірдеңе демек болып еді. Ашулы үй иесі оған “Тәйт әрі!” деп зекіп тастады. Бастық­тың аты бастық емес пе, дирек­тор түсін суытып, “Қареке, сен өзің қалай…?” – дей бастап еді:
– Бұл жер сізге кеңсе емес, ша­ңыраққа қара! – деп оның да ау­зын жапты.
Шақырыстың сәні кетіп, үнсіз­дік орнады. Кенет есік қағылды. Қаратай есікті іштен іліп алған екен. Кешігіп келген парторг за­йыбымен асыға кіріп келіп:
– Қареке, тапа-тал түсте есік жауып алғаныңды түсінбедік қой? – деп қалжыңдағандай бол­ды. Үй иесі іле:
– Сағатыңа қара, 54 минутқа кешіктің. Ет желінді, жілік сынды, шайды үйіңе барып ішерсің, – деп бір-ақ қақты. Қаратайдың айт­қанынан қайтпайтынын білетін парторг келген ізімен асыға кері қайтты. Қалған қонақтар да көп отырған жоқ. Тіпті сорпа да бұ­йырмады. Шай үнсіз ішілді. Жай­шылықта дастарқандағы тәтті­лерді жылан жалағандай бөліп алатын әйелдер де осы жолы еш­теңеге қол созбады. Өз қателікте­рін түсінген меймандар үнсіз та­рай бастады. Қонақтарды шыға­рып салып тұрып Қаратай: “Ал ен­ді осы тойғандарыңмен барасың­дар. Сыртымнан “Тәйтқара” деп жүрсіңдер ғой. Ендеше, “Тәйт­қа­раны” тыңдаңдар. Бұдан былай ш­ақырған жерге уақытында ба­ратын болыңдар. Ер-азаматтар қалталарыңа бәкі салып жүрің­дер, ет турауды үйреніңдер, ал әйел жолдастар дастарқанның берекесін кетіріп, сарқыт тасуды қойыңдар, – деп, қонақтарын шығарып салыпты.
Содан бері осы төңіректе бе­лең алған қонаққа кешігу, дас­тар­қанды талан-тараж қылу деген жаман әдет біржола тоқтап, асқа жиналған жұрттың бәрі әдептілік сақтайтын болыпты, – деп Қали да әңгімесін аяқтады.

Ысқақ АРҚАЕВ.
Есіл ауданы.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp