«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАҒЫН НЕСИЕНІҢ ШАРАПАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр коронавирус пандемиясының зардабы тимеген сала болған жоқ. Дейтұрғанмен, ел экономикасының кейбір жекелелеген салаларында едәуір өсім болғаны рас. Мәселен, дағдарыс кезеңінде тасы өрге домалаған салалардың бірі – ауыл шаруашылығы. Елдегі жалпы ішкі өнім азайған кезде ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 2,4 трлн. теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңіндегіден 4,9 пайызға көп.

“Аграрлық несие корпорация­сы” АҚ-ның баспасөз хатшысы Руслан Ескендірдің айтуынша, мұның себебін елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатында дағдарысқа қарсы ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатқандығымен байланыстыруға болады. Соңғы кезде, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласына баса мән беріліп отыр. Бұл саланы қолдауға арналған ең негізі құрал – жеңілдетілген несиелер. Корпорация ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілерін сегіз бағдарлама бойынша қаржыландырады: көктемгі егіс және күзгі ораққа арналған “Кең дала”, етті мал шаруашылығын дамытуға бағытталған “Сыбаға”, сүтті-тауарлы фермаларды қолдауға арналған “Ырыс”, “АгроЭкспорт”, “АгроБизнес”, “Агротехника”, “Іскер” және “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламалары.
“Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы қолға алынған 2019 жылдың қыркүйегінен бастап барлығы 1,3 мың ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге жалпы сомасы 50 млрд. теңгеден астам несие берілді. Соның нәтижесінде еліміз бойынша екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Бөлінген қаржыға 21,2 мың бас ірі қара мал, 39,9 мың бас қой, 18,6 мың бас жылқы, 511 түйе, 4,2 мың құс, 321 ауыл шаруашылығы техникасы мен 143 құрал-жабдық сатып алынды. Биыл “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша тауарлық номенклатура кеңейтіліп, оған агроөнеркәсіп кешені және азық-түлік өнеркәсібі салаларының өнімдері енгізілді. Сонымен қатар несиелеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылды.
Осы игілікті оңтайлы пайдаланған кәсіпкердің бірі – Светлана Карабанова. Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы Булаево қаласында ешкі шаруашылығын қолға алған ол аграрлық несие корпорациясынан 7 пайыздық мөлшерлемемен берілген 37 миллион теңгеге қажетті құрал-жабдық пен құрылыс материалдарын және бос жатқан аумақты сатып алған. Бүгінде 108 бас ешкінің елуі сауылады. “Тамаша-2050” серіктестігі өңірімізде кең тарай қоймаған тың жобаны қолға алып, ешкі сүтінен ірімшік өндіруде. Ол қазірдің өзінде сұранысқа ие. Жаңа өнім өңір дүкендерінде саудаға шығарыла қой­мағанымен, кәсіпкер Атырау, Алматы, Астана, Қостанай қалаларындағы серіктестеріне саудалай бастаған. Әзірге жаңа кәсіпорынның қуаттылығы төмен. Жаз мезгілінде күніне 160 литр сүт сауылса, оның 40 литрі лақтарды қоректендіруге жұмсалады. Пандемияға байланысты кәсіпкер өз жұмысшыларының денсаулығын ойлап, емге дәру ешкі сүтін тегін таратқан. Қалғанынан “Сулугуни”, “Фета”, “Хаварти”, “Мааздам” сияқты ірімшіктің түр-түрі жасалады. 10 литр сүттен небары 900 грамм ғана ірімшік шығатынын ескерсек, әзірге өндірілген өнім 2 тоннадай ғана.
– Бұл – бірден табыс бере қоймайтын бизнестің түрі. Салынған қаржының өтеуін 4 жылдан соң ғана көре бастаймыз. Ол үшін мал басын 4 мыңға дейін жеткізу мақсатын көздеп отырмыз. Бұл бастамамызды қолдаған аудандық әкімдік ферма салу үшін 8 гектар жер бөлді. О баста бұл кәсіптің есеп-қисабын жасап алмастан, бастап кеттім. Шынына келсек, Ақтөбеде сатылып жатқан осы ешкілердің көтерем болғанын көріп қатты аядым. Бұған дейін астықпен қана айналысып үйренген мен үшін мал шаруашылығының қиындығы көп. Сондықтан қазір көптеген онлайн курстар­ға жазылып, ешкі бағудың қыр-сырын үздіксіз үйреніп жүрмін, – дейді Светлана Валерьевна.
Аграрлық несие корпорациясы облыстық филиалы директорының орынбасары Арман Саликовтың айтуынша, былтыр біздің өңірімізде “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 8303 миллион теңгенің 130 несиесі берілді. Бұл қаржыға 10 комбайн, 28 тұқым сепкіш, 7 трактор сатылып алынды.
Бұған қоса былтыр сәуір айында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге қосымша қаржы бөлінген болатын. Соның арқасында 341 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 14,8 млрд. теңге несиеге қол жеткізді. Сонымен қатар “Аграрлық несие корпорациясы” ауылдағы әлеуметтік жағынан осал азаматтарды “Іскер” бағдарламасы арқылы қолдап, оларға биыл 5 млрд. теңгеден астам несие бөлді. Соның ішінде 61-і немесе 230 миллион теңге – біздің облысқа тиесілі.
Жалпы алғанда, коронавирус пандемиясының кері әсеріне қарамастан, “Аграрлық несие корпорациясы” ауыл шаруашылығы саласын іркіліссіз қаржыландырып келеді. Оның бағдарламалары агроөнеркәсіп кешенін несиелендірудегі түйткілдерді шешуге септігін тигізбек. Тұтастай алғанда, көптеген бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенді қаржыландыру жайы айтарлықтай жақсара түсті. Ол өз жемісін беріп те келеді.

Роза ШӘКЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp