«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫН ДЕС БЕРМЕЙ ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыста 73 өрт оқиғасы орын алды. Оның 16-сы Петропавл қаласында тіркелсе, қалғандары Қызылжар, Есіл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда болды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ведомствоның өрт қауіпсіздігін бақылау басқармасы бастығының орынбасары Айдар Мұсатаевтың айтуынша, өткен жылдың алғашқы айында 34 өрт оқиғасы тіркелген, ал биыл екі есеге артып отыр. Оған қарапайым сақтық ережелерінің ескерілмеуі, пеш жағу кезіндегі өрескел қателіктер мен электр сымдарының сапасыздығы себеп болған.
– Тілсіз жаудың басым көпшілігі жеке секторда тіркелді. Өңірде өрт оқиғалары тыйылар емес. Жылыту маусымы басталғалы бері жеке тұрғын үйлерден от шығу, газдан улану фактілері жиілей түсті. Қаңтар айында орын алған ең көп өрт оқиғасы Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелді. Бір айдың ішінде 12 өрт болды. Тайыншада – 8, Қызылжар мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда 6 факті тіркелді. Тілсіз жаудың салдарынан 8 солтүстікқазақстандық қаза тапса, 10 адам түрлі дене жарақатын алды, – дейді Айдар Қобыланұлы.
Соңғы оқыс оқиға қаңтардың 31-і күні Петропавлдағы 1-Заречный, 91 мекенжайында орналасқан жеке тұрғын үйде тіркелді. Пештің мұржасы бітелгендіктен, түтін баспанаға кірген. Қырағы көршілері өртсөндірушілерді шақырған. Дегенмен, 1960 жылғы үй иесі мен 1961 жылы туған зайыбы ауруханаға жеткізілді. Олар уланудың ауыр және орташа деңгейі бойынша ем алуда. Бұдан бөлек, Айыртау ауданындағы Арықбалық ауылында да өрт шықты. Жеке тұрғын үйлердің бірінде қызыл жалын 87 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға орнына келген құтқарушылар баспана ішінен 1955 жылы туған әйелдің мүрдесін тапты. Ал дер кезінде таза ауаға шығарылып, медициналық көмек көрсетілген баспана иесі аудандық ауруханаға жеткізілді.
Сондай-ақ, брифингте Есіл ауданындағы Николаевка ауылында орын алған қайғылы оқиға туралы айтылды. Соловьев көшесі, 43 мекенжайында тұратын келіншектің денесінің 90 пайызын күйік шалған. Өрттің шығуына асүйдегі газ балоны себеп болған. Оқиға орнына келген құтқарушылар зардап шеккен 1994 жылғы әйел мен оның туыстарын далаға алып шығарды. Өкінішке қарай, нәзік жан қаңтардың 31-і күні аудандық ауруханада көз жұмды.
Азаматтық қорғау подполковнигінің айтуынша, жыл басталғалы департамент мамандары еріктілермен бірге жеке тұрғын үй секторындағы 7 мыңнан астам ауланы аралап, өрт қауіпсіздігін еске салатын 9 мыңға жуық жадынама таратқан. Сондай-ақ, ведомство қызметкерлерінің шеберліктерін арттыру мақсатында үш тәжірибелік оқу-жаттығу шарасы өткізілген. Онда құтқарушылар зардап шегушілерді қауіпсіз жерге жеткізу бойынша іс-қимылдарын пысықтады.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp