«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі 2019 жылы «Денсаулық» мәдени-сауықтыру бағдарламасын қолға алған болатын. Содан бері 400-ден астам кәсіподақ мүшесі денсаулықтарын түзеді. Ұстаздар, негізінен, сабақтан бос уақытта, яғни сенбі-жексенбі күндері шипажайларда демалып, ем қабылдауда. Бағдарламаға өңір аудандарының мұғалімдері кезекпен қатыспақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, олардың жасы, еңбек өтілі есепке алынбайды.
Жақында өңір ұстаздарының бір тобы үш күн бойы Бурабайдағы курорт-мейманханалардың бірінде болды. Айыртау, Есіл және Мамлют ауданының 47 ұстазы аквапаркте болып, емдік моншаларға түсті. Денсаулыққа пайдалы шунгит, тұз шахталарына кіріп, түрлі спа-процедуралардан өтті.
– Мұғалімдерге мұндай демалыстың берері көп. Бір сәт күнделікті күйбең тірліктен арылып, уақыттарын өздеріне арнайды. Күш-қуат жинап, жұмысқа жаңа ынтамен кіріседі. Бұл жолы ұстаздарымыз, негізінен, санаторлық ем алды, оның ішінде массаж, ингаляция, озекерито-парафинді процедуралар, стоунг, жарық терапиясы және басқа көптеген ем түрлері бар. Үш күнге ғана шақталғандықтан, бағдарлама барынша қызықты ұйымдастырылды. Түрлі экскурсиялар, танымал адамдармен кездесу, би және киносеанстар өтті, – дейді «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Айгүл Сақыпкереева.
Былтыр 146 адам – Петропавлдағы «Транссиб» шипажайында, 142-сі Бурабайдағы «Discovery Borovoe» курорт-мейманханасында демалды. Ал биыл кәсіподақ ұйымы 600 адамды демалыспен қамтуды жоспарлап отыр.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ.