Интернетке мониторинг жүргізу кезінде облыс полицейлері “ВКонтакте” әлеуметтік желісінің қолданушысы жеке парақшасында діни мазмұндағы суреттер мен аудиожазбаларды орналастырғанын анықтады. Облыстық экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері заңнама талаптарын бұзу бойынша іс қозғады. Файлдар дінтану зерттеуіне жіберілді. Егер сараптама бұл материалдарды діни мазмұнда деп тапса, желі қолданушыға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Ұқсас факті облыс орталығының тағы бір тұрғынына да қатысты тіркелді, ол интернетте хабарландыру арқылы діни кітап сатпақ болған.
– Қазақстандағы діни қызмет заңнамамен реттеледі, – дейді экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция майоры Марат Халимулин. – Ғибадат үйлерінде, діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы үй-жайларда діни әдебиетті, діни мазмұндағы басқа да материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға рұқсат етілген. Басқа жерлерде таратқан жағдайда, заң бұзушылық болып саналады. Облыс аумағында діни әдебиетті ғибадат үйлерінен бөлек, 15 сауда орнында сатуға рұқсат берілген. Аталған сауда орындары Петропавл қаласында орналасқан. Бұл тізім облыс әкімдігінің 2021 жылғы 8 қаңтардағы қаулысымен бекітілді. Жыл басынан бері облыс полицейлері дін саласындағы заңнаманы бұзудың алты фактісін анықтады.
Игорь МЕРЦАЛОВ,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің инспекторы.