«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АЗ ЕМЕС алда тұрған міндеттер де ауқымды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков тұрғындар алдында есеп беріп, өткен жылы облыс орталығында атқарылған жұмыстардың барысына тоқталды. Онлайн форматта өткен шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қашықтан қатысты.

Алдымен шаһар басшысы облыс орталығының 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, алда тұрған ауқымды міндеттерді саралады. Болат Серікұлы өткен жылы жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған міндеттер мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға бағытталғанын, коронавирус пандемиясына байланысты экономиканың барлық салаларының және әрбір азаматтың жұмысы карантиндік шектеу жағдайында жүргізілгенін айтты.
2020 жылы қала бюджеті 62,8 миллиард теңгені құраған. Инфрақұрылымды салуға және дамытуға 18,5 млрд. теңге, абаттандыруға – 4,2 млрд. теңге, “Жұмыспен қамтудың жол картасын” іске асыруға 6 млрд. теңге қаржы бағытталды. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 98 млрд. теңгеге жуық.
– Жаһандық пандемияға қарамастан қаламызда құрылыс жұмыстары тоқтатылған жоқ. 2020 жылы 183,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Негізгі құрылыс қаланың “Жас өркен”, “Береке” шағынаудандары мен Уәлиханов көшесінің бойындағы учаскелерде жүргізілуде, – деді Болат Жұмабеков.
Қала тұрғындары үшін тұрғын үй аулаларын абаттандыру маңызды. Өткен жылы 95 аулаға асфальт төселген. Сондай-ақ, қалада 58 балалар ойын алаңы орнатылды. 1160 орынға арналған 45 тұрақ жабдықталып, 12 аула аумағында 24 шлагбаум, 9 тұрақта 19 бейнебақылау камерасы қойылды. Бұл орайда, аулаларды абаттандыру кезек бойынша жүргізілетінін айтқан жөн. Аталған жұмыстар биыл да жалғасын табады.
Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін жұмыссыздықпен күрес шараларына ерекше тоқталып өткен жөн. 2020 жылы экономиканың жетекші салаларында 3012 жаңа жұмыс орнын құру бойынша жоспар толығымен орындалып, жеті мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Петропавлда бұқаралық спорт пен саламатты өмір салтын дамытуға ерекше көңіл бөлінгені қуантады. Оған дәлел “Қарасай”, “Жастар”, “Динамо” стадиондары жаңартылып, тұрғын үйлердің аулаларында бірнеше спорттық жаттығу кешені орнатылды.
Алғаш рет онлайн форматта өткен есептік кездесуде қала әкімі Болат Жұмабековке тұрғындар тарапынан Telegram-бот қосымшасы, “Ikomek” орталығы, Whatsapp желісі арқылы түрлі сауалдар жолданды. Онлайн көрсетілім барысында шаһар басшысы оларға мүмкіндігінше жауап берді.
Шарада баспана мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Тұрғындардың бірқатарын облыс орталығында биыл жалдамалы-коммуналдық үйлердің салынатыны туралы мәлімет қызықтырды.
Қазір қалада тұрғызылып жатқан 22 үйдің 5-еуі жалдамалы-коммуналдық баспана екенін айтқан жөн. Бірінші тоқсанда 8, жыл соңында 7 үйдің құрылысын бастау көзделуде.
Есептік кездесуде тұрғындардан түскен өтініш, ұсыныстардың дені аула аумақтарын абаттандыру, тұрғын үйлер мен жол жөндеу мәселелеріне қатысты болды. Солнечный кентінде тұратын Евгений Ахатов қосымша жарық шамдары, аялдама мен банкомат орнату, қоғамдық көліктің жүру уақытын қайта қарастыру бойынша өтініш білдірді. Қала әкімі бұл мәселелер алдағы уақытта қарастырылып, шешімін табатынын, жалпы тұрғындардан түскен өтініштердің барлығы ескерусіз қалмайтынын айтты.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов пандемияға байланысты шектеу шаралары әдеттегі өмір салтымызға ғана өзгеріс енгізіп қоймай, бүкіл әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер еткенін, соған қарамастан қаламыздың экономикалық даму қарқыны сақталғанын айтты.
– Қиын жағдайда біз экономиканың өсу қарқынын сақтап қана қоймай, 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз еттік. Экономикалық дамумен қатар қаржылық тұрақтылыққа да қол жеткізілді. Салық түсімдерінің өсуі 34,7 пайызды құрады, – дей келе Құмар Іргебайұлы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне баса көңіл бөлінгенін, әсіресе, Петропавл қаласында оң өзгерістер орын алып жатқанын жеткізді.
Есептік кездесуде Құмар Ақсақалов қала әкіміне бірқатар міндеттер жүктеп, облыс орталығында атқарылып жатқан жұмыстарға қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін айтты. Сондай-ақ, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарды жұмысқа тартып, қысқа мерзімді кәсіптік оқуды ұйымдастыру қажеттігіне назар аударды. Мәселен, қаламызда тұрғын үй құрылысында мамандар тапшы. Жұмыс күші жетіспейді. Ал жолаушылар тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктердің жұмысына қала тұрғындары жиі шағым айтады. Өңір басшысы облыс орталығына 100 жаңа автобустың, тек 7-еуі ғана келгенін сынға алды. Болат Жұмабековке жұмысты белсенді орындап, электронды билеттеуді тез арада іске асырып, табыс көлемін арттыруды тапсырды.
Қаланы көркейтіп, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін жақсарту үшін алда атқарылатын жұмыстар ауқымды. Онлайн шарада облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атына жолданған сауалдар да аз болмады. Оларға нақты жауап берілді.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp