«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өтініш аяқсыз қалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Степное ауылы облыс орталығынан 135, Мамлютка қаласынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Әрине, Уәлиханов, Ақжар және Айыртау аудандарымен салыстырғанда қалаға жақын. Мұны айтып отырған себебім, жергілікті телеарналардан Петропавлдан шалғайда орын тепкен елді мекендерде ауызсу мен ғаламтор мәселелері оңтайлы шешіліп жатқаны туралы көреміз. Ал біз қалаға жақын болғанымызбен, әлі күнге дейін өркениеттің бұл мүмкіндіктерін толық пайдалана алмай келеміз. Ауылда ұялы байланыс нашар, интернетке қосылу қиын.

Бұл мәселені көрші ауылдардың тұрғындары да бірнеше мәрте көтерген болатын. Алайда, сенім артқан депутат та, ауылдық округ әкімі де құлақ асар емес. Былтыр аудан басшысы көкейкесті мәселелерді шешемін деген еді. Өкініштісі, ауылдықтардың бұл өтініші аяқсыз қалды.
Өткен жылдың жазында облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауылдың жерін иеленіп отырған шаруашылықтар қолдау көрсетсе ғана елді мекен гүлденеді деген болатын. Әрине, бұл сөздің жаны бар. Дегенмен, серіктестіктің су және ғаламтор желісін тарту жөніндегі мәселелерге қаражаты жетпейді. Сол себепті халық биліктен бұл екі сұрақтың шешімін табуды өтінеді.

Ботагөз ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,
Степное ауылының тұрғыны.
Мамлют ауданы.


Табыс көзі – ауылда

Мен Уәлиханов ауданындағы Өндіріс ауылында тұрамын. Петро­павлдан 400 шақырым жерде орналассақ та, кәсіп ашып, сүйікті іспен айналысуға жағдай жасалған. Өткен жылы Мал шаруашылығын дамыту мақсатымен несиеге ірі қара алдым. Әрине, асылтұқымды тайыншалардың бағасы арзан емес. Дей тұрғанмен, мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Мәселен, несиенің жылдық мөлшерлемесі 16 пайызды құраса, мен оның тек 6 пайызын төлеймін. Қалғанын мемлекет субсидиялайды. Ең бастысы, қарызды бірінші жылдан бастап өтеу міндетті емес. Менің келісімшартым бойынша берешек ақшамды 2 жылдан соң төлей бастаймын. Бұл үлкен қолдау. Себебі, бизнес ашып, бірден аяққа нық тұруға мүмкіндік бола бермесі анық. Алдағы жоспарым – шаруашылығымды кеңейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту. Банктен алған несиемді мерзімінен бұрын толық өтей аламын деп сенемін.
Үй-күйсіз, жұмыссыз жүрген азаматтарға айтарым – ауылға келіп, өз кәсібіңді аш. Сонда ғана әулетіңді дәулетті ете аласың.

Қуаныш УӘЛИЕВ,
жеке кәсіпкер.
Уәлиханов ауданы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp