Өткен жылы облысымызда 727 алаяқтық фактісі тіркелсе, олардың 495-і ғаламтор арқылы жүзеге асқан. Бұл қылмыстық істердің 166-сы бойынша күдіктілер Қазақстаннан тыс жерлерде, ал 278-і басқа өңірлерде жүріп, облыс тұрғындарын алдап соққан. Өңір полицейлері солтүстікқазақстандықтар арасында алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқаны жайлы баспасөз мәслихатында айтылды.
Ақпараттық технологиялар, мобильдік байланыс, ғаламтор көз ілеспес жылдамдықпен дамыған сайын, оларды өздерінің жеке пайдасына жаратып, халықты сан соқтыратындар көбеюде. Мәселен, былтыр Қазақстан Республикасының аумағында интернет арқылы 14 108 алаяқтық фактісі жасалыпты. Өңір бойынша тұрғындарды алдап, ақшаларын жымқыру бойынша белгілі болған 727 қылмыстың 495-і интернет алаяқтығына жатады.
– Қылмыстардың негізгі бөлігі ғаламтордағы “Олх”, “Колеса” сияқты тауарларды сату немесе қызмет көрсету туралы хабарламаларды жариялаумен айналысатын сайттарда орын алуда. Мысалы “Олх” сайтында тауарды сатып жатқан адамға телефон арқылы жалған тұтынушы, яғни алаяқ қоңырау шалады да затты курьерлік жеткізу қызметі арқылы алатынын айтады. Әрі қарай банк картасының реквизиттерін қалдыру үшін қосалқы сайтқа сілтемені береді. Бірақ аталған сайтта жеткізу қызметі қарастырылмаған, – деді өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған онлайн брифинг барысында облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Құмарбек Жоламан.
Тәртіп сақшылары осындай сайттардың ұйымдастырушылары және иелерімен кездесіп, платформаларда тараптарға ескертулер қалдыруға уағдаласқан.
Алаяқтықтың тағы бір кең таралған түрі – банк қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу.
– “Банктің жалған өкілдері” қоңырау соғып, клиенттің картасы бойынша күмәнді операциялар жасалғанын айтады. Операцияны бұғаттау үшін картаның реквизиттерін айтуды ұсынады, кейін алынған деректердің көмегімен оп-оңай интернет-банкингке қосылып, шоттағы бар ақшаны аударып жібереді. Қолды болған ақша көп жағдайда үшінші адамдардың шоттарына аударылады, ал қылмыскерлер облыстан немесе республикадан тыс жерлерде жүргені анықталады, – дейді Құмарбек Жоламан.
Ал жапа шегушілердің кейбірі алаяқтардың арбауына түскендерін тіпті араға айлар салып, сот орындаушыларынан біліп жатады екен. Бірқатарының атына микроқаржылық ұйымдар арқылы онлайн несие ресімделгені анықталған. Көбіне мұндай қылмыс жасаушылар жәбірленушінің жеке басына қатысты ақпараттарды, жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірін, банк картасын және ЖСН-ын білетін жақын достары немесе туыстары болып шығады. Бір қуантарлығы – биылдан микроқаржылық ұйымдарды тіркеу және несие беру бойынша ережелер қатаңдатылды. Мәселен, клиенттерге төлем 15 күнге кешіктірілген кезде бірден несиенің қарызы туралы хабарлама жеткізу талабы пайда болды.
– Алаяқтық фактілер негізінен азаматтардың сенгіштігінен орын алады. Ал бұл қылмыстарды ашу және тергеуде біршама қиындықтар бар. Өйткені, қаскөйлер үшінші адамдарға тіркелген әртүрлі банк шоттары мен карталарды, сондай-ақ, абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Аталған құқық бұзушылықты ашу үшін заңнама шеңберінде алынған деректер талданады. Оған біраз уақыт жұмсауға туралы келеді, – деп түсіндірді полицей.
Тәртіп сақшылары соңғы өзгерістер аталған санаттағы қылмыстардың азаюына септігін тигізеді деген ойда. Халықты кеңінен ақпараттандыру да өз нәтижесін беруі тиіс. Жерлестеріміздің арасында профилактика жүргізу үшін өңірдің тәртіп сақшылары автобус аялдамаларына, сауда үйлеріне, көпқабатты үйлердің жеделсатыларына, автобустарға билбордтар, жергілікті телеарналарда ақпараттық материалдар орналастырған. Интернет кеңестігіне мониторинг жүргізіліп, 122 күдікті сайт бұғатталыпты.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.