«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Көп ұзамай ораламын”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңірін ел көлемінде ғана емес, әлемдік деңгейде танытқан жерлестеріміздің бірі – спортшы Маргарита Мұқа­шева. 16 жасынан бастап жоғары деңгейдегі спорттық сайыстарға қатысқан жерлесіміз жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін жеңімпазы атанды. 2013 жылы Қазан қаласында өткен XXVII дүниежүзілік универсиадада Маргарита 800 метрге жүгіруден ұлттық рекорд орнатты. Алайда, соңғы уа­қытта жерлесімізді додалардан көре алмай жүрміз. Ол дәстүрлі сауалымызға былай жауап берді:

– Жерлестерімнің менің спорт­тағы бағындырған белестеріме қызығушылық танытып, жетістікте­ріме қуанып, үнемі іздеп жүретіндері қуантады. Соңғы уақытта жүгіру жолынан көрінбей кеткенім рас. Оның себебі, 2019 жылдың жазғы маусымын аяқтағаннан кейін ана болуға дайындала бастадым. Сөйтіп, 2020 жылдың тамызында отбасымызда қыз бала дүниеге келді. Бұл – біздің екінші пер­зентіміз, тағы 3 жасар ұлымыз бар. Қызымның туғанына 6 ай ғана өтті. Сәби күтімімен қатар жаттығу залдарына барып, шынығып жүрмін. Бірақ бұл жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін толыққанды жаттығулар емес.
Қазір әлемдегі жағдай тұрақсыз болып тұр ғой. Жарыстар өткізіліп жатқан жоқ. Әлемдік ірі додалар – Азия, Әлем чемпионаттарының уақыты кейінге шегерілуде. Олимпиаданың да өтетін-өтпейтіні белгісіз болып отыр. Сондықтан әзірге жүгіру жолына шығуға қатысты нақты жоспарлар құру артық болар. Есесіне, бастапқы спорттық қалпыма асықпай түсуіме мүмкіндік бар. Көп уақыт жаттықсам, жарақаттану да аз болады. Жерлестерімнің де менің жарыс жолына тезірек шығып, жетістіктерге жеткенімді тағатсыздана күтетіндеріне сенімдімін.

Дайындаған
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltústik Qazaqstan”.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp