«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Президент Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованы қабылдады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысына Қазақстан қаржы нарығының былтырғы даму қорытындылары және Агенттіктің биылғы жылға арналған жұмысының негізгі басымдықтары туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2020 жылдың қорытындысы бойынша экономиканы кредиттеудің 5,5 пайызға ұлғайып, 14,6 триллион теңгеге жеткені жайында айтылды. Дағдарысқа қарамастан, шағын және орта бизнеске берілетін кредиттер, оның ішінде, бизнеске қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламаларын кеңейту арқылы 7,1 пайызға, яғни 4,2 триллион теңгеге дейін өскен. Президенттің тапсырмасы бойынша экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнестің барлық кредиттерін жылына 6 пайызға дейін субсидиялау тетігі іске асырылды.

Мәдина Әбілқасымова биылғы 1 қаңтардан бастап барлық микроқаржылық ұйымдардың, оның ішінде, ломбардтар мен онлайн-кредиттеу компанияларының қызметін лицензиялау енгізілгені туралы хабарлады. Бұл олардың есеп беруін, ашықтығын және жауапкершілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықтың борыштық жүктемесін азайту жөніндегі реттеу шаралары қабылданды. Соның арқасында тұтынушылық кредиттің өсуі азайды. Биыл қарыз алушы жеке тұлғаларды оңалту және кредиттер бойынша сыйақының шекті мөлшерлемелерін реттеу тетіктері енгізіледі, қарызын қайтармайтын адамдарға қатысты реттеу қызметінің сотқа дейінгі тәртібі күшейтіледі.

2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы активтерінің бір бөлігін жеке басқарушы компаниялардың басқаруына беру, ал банктерге брокерлік қызметтердің толық спектрі бойынша қызмет көрсету мүмкіндігі берілді. Бұл өз кезегінде халықтың инвестициялық мүмкіндігін арттырады. Сақтандыру және қор нарығын одан әрі дамыту мақсатында кешенді заң жобасы әзірленді.

Қасым-Жомарт Тоқаев банк секторының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ерекше мән берді. Агенттік Төрағасы жекелеген банктердің жұмысын қайта жандандыру жөнінде қабылданған шаралар және AQR нәтижелері бойынша қадағалау жоспарларын іске асыру туралы айтты. 2020 жылы банк жүйесі бойынша борышкерлік деңгейі 8,1 пайыздан 6,8 пайызға дейін төмендеді. Тәуекелге бағдарланған қадағалау аясында 2021 жылдан бастап банк секторы активтерінің сапасын бағалау (AQR) және стресс-тесттен өткізу қадағалау процесінің ажырамас бөлігі болады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттікке қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуді, қаржы нарығының барлық секторында тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізуді, қаржылық қызмет көрсету барысында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, сондай-ақ, қор нарығын дамытуды міндеттеді. Мемлекет басшысы дағдарыс салдарларын еңсеру үшін экономиканы кредиттеудің маңыздылығына назар аударды.
http://www.akorda.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp