Өңірімізде бірнеше күннен бері ақтүтек боран ұйтқып соғып тұр. Дауылды дала көзге түртсе көргісіз. Сондықтан алыс жолдарда шығатындарға қауіпсіздік ережесін тағы бір мәрте еске саламыз.
Ең әуелі, ауа райы болжамын ескеріп, жол қауіпті көрінсе, сапарды кейінге шегерген дұрыс. Алыс сапарға шығуға жағдай мәжбүрлеп тұрса, жол бойындағы жанармай бекеттері мен тамақтану орындарының қай жерлерде орналасқандығын біліп алыңыз. Одан кейін көлігіңіздің техникалық жарамдылығына әбден көз жеткізіңіз. Қай жаққа, немен және қашан шығып жететініңіз туралы жақындарыңыз хабардар болғаны да артықтық етпейді. Олар оқыс оқиға жағдайында сізді тез іздеп, құтқаруға көмектесетіндері сөзсіз. Ондайда телефон қолыңызда болса, құба-құп. Сапарға шыққанда жылы киініп, азық-түлікті, ыстық шай құйылған термосты, бірнеше майшамды, медициналық қобдишаны өзіңізбен бірге ала жүруді де ұмытпаған абзал.
Автокөлікпен келе жатып алдағы күртік қарды жарып өтем деу бос әурешілік. Дұрысы – қолға күрек алып, жолды барынша тазалау. Ал егер боранды күні жолда қалсаңыз, көлікті желдің ығына орналастыруға тырысыңыз. Қолыңызда телефон болса, бірден тәулік бойы жұмыс істейтін “112” телефон нөміріне қоңырау шалыңыз. Сосын көліктің әйнектерін жауып, моторын матамен қымтаңыз. Жылынамын деп көлікті оталдырған уақытта газ шығаратын түтіктің бітеліп қалмағанын, тексеріп алыңыз. Өйткені, газ аяздан да қауіпті. Ал көлік қар астында қалса, қозғалтқышты мүлдем қоспау керек. Егер жолда бірнеше көлік қалса, тез жылыну үшін жолаушылардың бәрі бір көлікке отырғандары жөн. Көліктен шыққан уақытта белге арқан байлау қажет. Өйткені, ақтүтек боранда адасып қалу қаупі зор. Құтқарушылардың сізді тез тапқанын қаласаңыз, көліктің жоғары жағына түрлі түсті мата байлап қойыңыз. Бастысы, көлік ішінде ұйықтап қалмаңыз, үсіп қалмау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаңыз.
Иван ОНИЩЕНКО,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
бас маманы.