Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында өңірдегі елді мекендерді ауызсумен қамту, темір жол арқылы жолаушы тасымалымен айналысатын тасымалдаушының шығынына демеуқаржы бөлу ережесіне өзгерістер енгізу және 2021-2023 жылдарға арналған облыс аумағындағы әлеуметтік маңызға ие бағыттарды анықтау мәселелері талқыланды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, бүгінгі күні ауыл тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде.
– Соңғы жылдары елімізде ауызсумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелеріне басымдық берілуде. Әсіресе, ауылдарға су құбырларын тартуға көп күш жұмсалуда. Себебі, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – халық денсаулығының кепілі. Қолға алынған жұмыстардың нәтижесінде 250,3 мың тұрғыны бар 398 ауыл орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылған. Бұл– солтүстікқазақстандықтардың 62,7 пайызы. Дегенмен, 54 мың тұрғыны бар 237 елді мекен тұрғындары әлі де өркениеттің бұл мүмкіндігіне қолы жеткізе алмай отыр. Бірақ бұл бағыттағы жоспарлы жұмыс жалғасын табады, – деді басқарма басшысы.
Облысымызда әр жылдары “Таза ауызсу” және “Ақ бұлақ” бағдарламалары жүзеге асырылған болатын. 2011-2019 жылдар аралығында өңірімізде 2,1 мың шақырым су құбыры тартылып, 40,1 млрд. теңге бюджет қаражаты игерілген. Ал былтыр аталмыш жұмысқа ел қазынасынан 6,5 млрд. теңге бағытталды. Нәтижесінде 60 мың тұрғыны бар 76 елді мекендегі су тарату желісі жаңғыртылып, қайта қалпына келтірілген. Биыл бөлінген 10,4 млрд. теңгеге 10 аудандағы 41 ауылға құбыр тарту, тозығы жеткен желілерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 83,5 пайызы орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Алайда, атқарылған жұмыстарға жүргізілген мониторинг барысында бірқатар кемшіліктер анықталған. Облыстағы су құбырларының жалпы ұзындығы 3 мың шақырымды құрайтыны белгілі. Бүгінгі таңда оның 2 мың шақырымының әбден тозығы жеткен. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын қомақты қаржы бөлінеді. Бірақ бірқатар мердігерлер уақыттың тығыздығына қарамастан, құрылыс жұмыстарын сылбыр жүргізуде. Бұған қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс басына тексеріспен барған кезде көз жеткізген. Жұмысты баяу жүргізген жауапсыз компаниялар игерілмеген қаржыны бюджетке қайтарады, ал келесі жылы жобалық-сметалық құжаттамаларды қайтадан жасауға тура келеді. Мәселен, Преснов су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына сегіз жыл болған. Жауапсыз компаниялардың кесірінен бұл жұмыстар әлі күнге дейін аяқталған жоқ. Яғни, үш аудандағы 32 ауылды тіршілік нәрімен қамту мәселесі толық шешілмей отыр. Атап айтқанда, 2014-2017 жылдары жұмысты сапасыз жүргізген “СМП-610” ЖШС-нің кінәсінен қайта есептеу жүргізіліп, 2,9 млрд. теңге бюджетке қайтарылған. Былтыр бұл жұмыстарға тағы 2 млрд. теңге бөлінсе, оның тек 387 млн. теңгесі игерілген. Үстіміздегі жылы да қомақты қаржы бөлінбек. Дегенмен, қоғамдық кеңес мүшелері бұл соманың да игерілетініне күмәнмен қарайды.
Отырысты қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Қайырлы Едіресов облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшылығына жұмыстардың сапасына, нысандардың уақтылы іске қосылуына бақылауды күшейту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, сеніп тапсырылған жұмысты сылбыр жүргізген мердігерлермен келісімшартты бұзып, сотқа жүгіну жөнінде ұсыныс айтты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”.