Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, құқық қорғау, кәсіпкерлік, тағы басқа да салалар бойынша шешімі табылмай жүрген мәселелеріңіз, көкейкесті сауалдарыңыз болса, 8-705-463-13-29 нөміріне WHATSAPP желісі арқылы хабарлама жолдай аласыздар.
Соңғы күндері редакциямызға оқырмандардан зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға қатысты түрлі сұрақтар келіп түсуде. Оларға “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” акционерлік қоғамы облыстық филиалының бас маманы Жұлдыз Әлназирова жауап берді.
– Облыс тұрғындары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу үшін қайда жүгінулері керек?
– Егер сіз Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тұрақты салымшысы болып, зейнетақы жинақтарыңыздың бір бөлігін тұрғын үйге немесе емделуге пайдалану туралы шешім қабылдаған болсаңыз, онда мемлекет белгілеген уәкілетті операторға жүгіну қажет. Үкіметтің қаулысы бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін нысаналы пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор болып “Отбасы банкі” АҚ-ы және екінші деңгейдегі банктер, атап айтқанда, “Қазақстан Халық банкі”, “Altyn Bank” және “БанкЦентрКредит” танылды. Олар біржолғы зейнетақы төлемдерін есепке алу, аудару және қайтару мәселелері бойынша өзара ақпараттық іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртібін жүзеге асырып, құпиялылықты сақтау жөніндегі шарттар мен міндеттемелерді орындау жөнінде шарт жасасты. Жинақтаушы зейнетақы қоры мен уәкілетті операторлардың ақпараттық жүйелерін біріктіру “Электронды үкімет” веб-порталындағы интеграциялық сервис арқылы жүзеге асырылады. Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге алу және пайдалану ережелері туралы толық ақпарат БЖЗҚ сайтында орналастырылғанын естеріңізге саламыз. Салымшының құжаттарын қарағаннан кейін уәкілетті оператор БЖЗҚ-ға клиенттің өзі айқындаған және өтінімде көрсеткен мөлшердегі зейнетақы жинақтарын аудару туралы хабарлама жібереді. Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ салымшының тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу мақсатында уәкілетті операторда ашылған арнайы шотқа зейнетақы жинақтарын аударуды 5 жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.
– Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу кезінде ең төменгі жеткіліктілік шегі қалай есептеледі?
Мемлекеттік органдар зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін әзірледі, содан кейін оны Үкімет бекітті. Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі осы әдістеменің ережелеріне сәйкес есептеледі. Бұл зейнетақы жасына жеткен кезде зейнеткердің ай сайынғы табысын қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы капиталын ең төменгі бір зейнетақыдан төмен емес мөлшерде қалыптастыруға мүмкіндік береді. Яғни, зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл негізгі нысаналы мақсаты болып саналатын зейнетақы төлемдері үшін салымшының зейнетақы шотында сақталуға тиіс ақша сомасы. Ал балама мақсаттарға зейнетақы жинақтарының шекті мөлшерден асатын бөлігін алуға болады.
Мақаланың толық нұсқасын газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.