ДДҰ сарапшылар тобы коронавирусты Ухань қаласының Инфекциялық зерттеулер институтының зертханасында жасалуы мүмкін деген нұсқаны іс жүзінде жоққа шығарды.
Ғалымдар SARS-CoV-2 адамға жануарлар арқылы жұққан деген қорытындыға келді. Негізгі «күдіктілер» ретінде панголиндер мен жарқанаттар саналады.⠀
Ұлыбританияға келушілерге жаңа карантиндік ережелер енгізілді. Қазір 14 күндік оқшаулану 10 күнге қысқарды, бірақ карантиннің екінші және сегізінші күндерінде COVID-19 сынағынан міндетті түрде өту енгізілді. Аталған ережелерді бұзған Ұлыбритания мен Ирландия азаматтары 10 мың фунт айыппұлдан, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.⠀
Нидерландыда коменданттық сағат наурыз айының басына дейін ұзартылды. Карантиндік шараларды алып тастау немесе ұзарту туралы мәселе бір күн бұрын шешілді, ал ел Үкіметі індет деңгейінің төмендеуіне қарамастан, тұрғындар әлі карантиндік шараларды жеңілдетуге дайын емес деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, соңғы 10 жылда бұрын-соңды болмаған қардың түсуіне байланысты көптеген қалаларда екпе егу орталықтары уақытша жабылуға мәжбүр.⠀
Германияда індетті жұқтыру деңгейі үш айда алғаш рет 100 мың адамға шаққанда 75 жағдайдан төмен түсті. Сейсенбіде бұл көрсеткіш 72,8 болды. Ел Үкіметі эпидемияға қарсы іс-қимылдың алдағы жоспарларын талқыламақ, дегенмен, локдауннан шығу туралы әлі сөз қозғалған жоқ.⠀
Италия өзінің мәдени секторының жұмысын ішінара қайта бастады, көршілес Францияның мұражайлар қауымдастығы өз елдерінің мәдениет министрлігінен италияндықтардығындай шешім қабылдауын талап етіп отыр. Мұражай қызметкерлері қатаң эпидемиологиялық шаралар мен әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып жұмыс жасауға болатындығын алға тартуда.⠀
Грекия денсаулық сақтау министрі Вассилис Кикилиастың айтуынша, елде коронавирус эпидемиясының үшінші толқынының белгілері байқалуда. Қарқынды терапия бөлімшелері қайтадан науқастармен толығу үстінде екендігін жеткізді. Билік Афиныға жаңа локдаун енгізуді жоққа шығармайды, өйткені ел астанасында індеттің таралуы басқа аймақтарға қарағанда жоғары қарқынды.
https://egemen.kz