«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Төл өнердің жаңа тынысы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген “Qazaq kuresi” қауымдастығының өкілдері жергілікті федерация басшылығымен, спорт мектептерінің директорларымен және бапкерлермен кездесті. Төл өнерді дамыту мәселесі талқыланған жиынға облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек қатысты.

Әкімнің орынбасары жиналғандарды өңірімізде бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан шаралармен таныстырып, қазақ күресін қолдау туралы сөз қозғады.
– Өңірімізде спортқа көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын спорт нысандары салынуда. Қазірдің өзінде аудан орталықтарында заманауи спорт кешендері тұрғызылуда. Өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамып келе жатыр. Бүгіндері бір мыңға жуық солтүстікқазақстандық төл өнермен айналысады. Қажымұқан бабамыздың жолын жалғаған жастар облыстағы 13 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде жаттығуда. Боз кілем шеберлері жыл сайын өңір намысын республикалық және халықаралық сайыстарда абыроймен қорғап жүр. Жалпы, 50-ден астам бапкер ұлттық күресіміздің дамуына күш салуда, – деді Дәурен Жандарбекұлы.
Осыдан екі жыл бұрын төл өнерді дамыту және насихаттау мақсатында Петропавл қаласында “Қызылжар арландары” спорт клубы құрылған болатын. Оның мүшелері бүгіндері ел көлеміндегі дүбірлі додаларда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Республикамыздағы ең жас кәсіби клубтың балуандары екі мәрте Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанды. Жерлестеріміз қазақ күресінен өткен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогын иемденіп, сенсация жасағанын да атап айтқан жөн.
Қызылжар өңірінде ұлттық күресті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берген республикалық қауымдастықтың бас директоры Абат Имамбаев:
– Соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында қазақ күресі қарқынды дамып келеді. Біз жүрген жерімізде қызылжарлық ұжымның жетістігін айтып жүреміз. Алдағы уақытта қазақ күресін дамытуға ерекше басымдық берілетін болады. Жер-жерде үйірмелер ашылып, жергілікті бапкерлермен тығыз байланыс орнататын боламыз. Қаржыландыру мәселесі шешіледі. Басты мақсат – саламатты өмір салтын дәріптеп, жастарға спортпен шұғылдануға жағдай жасау. Осы бағытта бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет, – деді.
Бүгінгі таңда қауымдастық тың жобаларды жүзеге асыруда. Бұл туралы “Qazaq kuresi” қауымдастығының басқарушы директоры Ербол Мырзабосынов баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында қазақ күресін дамытуды көздейтін жеке қауымдастық құрылуы аталмыш спорт түрінің дамуына серпін берген. Республикалық, халықаралық және дүниежүзілік федерациялардың басын біріктірген ұйымның негізгі жұмысы қазақ күресін жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізуге бағытталған. “Жуырда ғана елімізде қазақ күресі академиясы құрылды. Басты мақсаты – ғылыми-әдістемелік, ғылыми-медициналық саланы жетілдіру. Қазіргі таңда ғылыми топтар құрылып, осы бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бәріңізге белгілі, ұлттық спорт түрлерін мектеп бағдарламасына енгізу мәселесі көтеріліп жүр. Академия тарапынан қазақ күресінің элементтері Нұр-Сұлтан қаласындағы 23 мектептің бағдарламасына дене шынықтыру сабағының вариативті бөлігіне енгізілді. Назарбаев зияткерлік мектебіне бір жылдық іс-шара жоспарын енгізу жұмыстары да сәтті басталды”, – деді Ербол Қуантайұлы.
Жыл сайын “Әлем барысы”, “Қазақстан барысы” және “Еуразия барысы” сияқты имидждік жарыстар өткізілетін. Пандемияға байланысты былтыр балуандар бұл сайыстардан шет қалған болатын. Мүмкіндік болған жағдайда бұл жарыстар биыл өткізілмекші. Сондай-ақ, Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кубогы өткізіледі. Аталмыш додада барлық салмақ дәрежелерінде белдесіп жүрген үздік балуандар сынға түседі. Жеңімпаздарға өз салмағының “Бас балуаны” мәртебесі беріліп, қаржылай сыйлық табысталады. Осылайша, жеңіл салмақтағы балуандарды ынталандыру көзделген.
Жиын барысында облыстық қазақ күресі федерациясының вице-президенті Бауыржан Құлжанов “Qazaq kuresі” қауымдастығының басшылығына жасалып жатқан қолдау үшін алғысын білдірді. Спорт жанашыры Петропавлда наурыз айында өткізгелі жатқан Бұқар жырау атындағы республикалық турнир жергілікті жастардың төл өнерге деген қызығушылығын арттыратынын атап өтті.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp