“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” ең алдымен, билік пен қоғам арасында тұрақты диалог құруды көздейді. Барлық деңгейдегі әкімдердің есеп беру кездесулерінен қос тарап арасындағы байланыс жақсарып келе жатқанын байқауға болады. Тұрғындардың кездесулерде айтылған өтініш-тілектері де аяқсыз қалмауда.
Тың игеру жылдары құрылған Тимирязев – астықты аудандардың бірі. Былтыр қамбаға 329 мың тонна алтын дән құйылған. Бюджет кірісі 6 млрд. теңгеге толығып, 2019 жылға қарағанда 500 млн. теңгеге артық жиналған. 7 мектеп жөнделген. Биыл сумен жабдықтау желілерін жөндеуге 50 млн. теңге бөлініп, 6 елді мекенге сапалы су жеткізіледі. 660-тан астам үйге су құбыры тартылады.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімі Нұрлан Кеңесовтің тұрғындармен өткізген есебіне қашықтан қатысып, басты назарды жер телімдерін тиімді пайдалану мәселесіне аударды. “Гектарынан 15,5 центнерден өнім алу жаман нәтиже емес. Десек те, агротехникалық шараларды қатаң сақтау диқандар тарапынан жете ескеріле бермейді. Салыстыру үшін цифрлар келтірейін. “Жарынкөл” ЖШС-і әр гектардан – 6, “Москворецкое” – 7, ал “Мичуринское – 17,8, “Целина Астық” 23,6 центнер өнім алған. Озық технологияларды қолдану жағы кемшін. Облыс бойынша сатып алынған жаңа техникалардың 4,5 пайызы ғана осы ауданға тиесілі. Сондықтан бұл көрсеткішті кемінде 6 пайызға дейін жеткізу міндетін қоямын”, – деген Құмар Іргебайұлы мал шаруашылығы саласы бойынша да бірқатар талаптар жүктеді. Өткен жылы бірде-бір ірі қара сатып алынбаған. 400 басқа арналған тауарлы-сүт фермасының құрылысын жеделдету қажет.
Денсаулық сақтау мекемелерінде медицина мамандарының тапшылығы байқалады. Өткен жылы баспана мәселесі шешілмегендіктен, жоғары білімді дәрігерлер кетіп қалған. Аудандық аурухананың жұмысына шағымданушылар да аз емес.
* * *
Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаев тұрғындар алдындағы есебін коронавирустық пандемия қиындықтарына қарамастан ұйымшылдық және азаматтық жауапкершілік таныта білген жерлестеріне алғыс айтудан бастады. 2020 жылы тұрғындардан бір мыңнан астам өтініш келіп түскен. “Ашық әкімдік” фронт офисі жұмыс істегелі жұртшылық пен билік арасында ашық диалог қалыптасып, бір орталықтан 64 мемлекеттік қызмет алу және жеке мәселелерді жедел түрде шешу мүмкіндіктері тудырылған.
Алтынбек Тағайбекұлы мемлекет тарапынан агроөнеркәсіпке зор қолдау көрсетіліп отырғанын атап өтті. 2019 жылы 1,9 млрд. теңге субсидия берілсе, 2020 жылы оның көлемі 3,2 млрд. теңгеге жеткен. 53 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, бидай дақылының шығымдылығы 19,3 центнерден айналған.
Мал өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар саны 41-ден 68-ге ұлғайып, бір теңге бюджет қаражатына 5,2 теңге инвестиция тартылған. “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде 524,5 млн. теңгенің 6 жобасы қаржыландырылған. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкерге 621,9 млн. теңгенің қолдауы көрсетілген. 110 жұмыс орны құрылып, 98 адам жеке кәсібін ашқан.
Елді мекендерді ауызсумен жабдықтау – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта 53 елді мекеннің 29-ы ғана орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерін (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедектер, көпбалалы отбасылар және жалғыз тұратын, тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар) тұрғын үймен қамтамасыз ету де басты назарға алынуы тиіс.
* * *
Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров өз есебінде қатаң карантин, демалыс күндеріндегі локдаундар, блокбекеттер, бетперде режімі – мұның бәрі әдеттегі өмір салтымызға түбегейлі өзгеріс енгізгенімен, босаңсуға жол берілмегенін, барлық күш-жігер мен қабылданған шешімдер тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жұмылдырылғанын айтып, өткен жылдың қорытындыларын, биыл атқарылатын жұмыс жоспарларын ортаға салды.
Марат Мәкенұлы былтыр Пресновка ауылын ауызсумен қамтамасыз ету ісінде іркілістер туындағанын, атап айтқанда, Ұзынкөл жақтан келетін су құбырларынан ақау шығып, апаттық жағдайлар орын алғанын жасырмады. Бүгінде құжаттар әзірленіп, ескі су желілерін ауыстыру қолға алынбақ. 48 елді мекеннің – 73, ал тұрғындардың 85 пайызы сапалы ауызсу тұтынады. “Есіл” топтық су құбырына – 6, топтық ұңғымалы су көздеріне – 17, жергілікті ұңғымалы су көздеріне 12 ауыл қосылған. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар сан алуан әрі қауырт. 32 елді мекенде сумен жабдықтау нысандары 2001-2002 жылдары салынған. Ал Украинское, Новое және Есперлі ауылдарындағы нысандар кеңес өкіметі кезінен бері істеп тұр.
Благовещенкадағы су мұнарасын жаңартуға – 7 млн., Преснов су құбырынан Ұзынкөл және Айымжанға дейін желі тартуға 225 млн. теңге қарастырылған. Кладбинка, Сенжарка, Қайранкөл бағытындағы су тарату желілерін жөндеу жұмыстарына 30 млн. теңге бөлінген. Бұдан бөлек, Казанкаға су құбырын өткізуге, Благовещенкадағы жергілікті ұңғымалы су көзін қайта жаңартуға және Қарақамыс шоғырлы ұңғымалы су көзінен Жаңажолға дейін құбыр салуға бюджеттік өтінімдер беріліп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленбек.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltústik Qazaqstan”.