Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев Мамлют ауданындағы екі ауылдық округте болды. Облыстың бас полицейі Новомихайловка ауылындағы учаскелік полиция пунктінің және қызметтік үйдің құрылыс жобасымен танысты, сонымен қатар Қызыләскер ауылының тұрғындарымен кездесті.
Учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Олжас Шаяхметов екі мыңнан астам тұрғыны бар алты елді мекенге қызмет көрсетеді. Ол әкімшілік учаскеде өткен жылдың соңынан бастап жұмыс істейді. Аудандық полиция бөлімінің басшысы және ауылдықтардың бастамасымен учаскелік полиция инспекторы үшін полиция пунктімен біріктірілген қызметтік үй тұрғызу ұсылыған. Жергілікті шаруашылықтар тарапынан бұл идея қолдау тауып отыр. Новомихайловка ауылының орталығынан жер учаскесі таңдалып, үйдің жоспары әзірленген. Жалпы аумағы 100 шаршы метр болатын қызметтік кеңсесі бар заманауи үй маусым айында пайдалануға берілмек. Мамлют ауданының әкімі Владислав Лукин, облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев пен агроқұрылым жетекшілері ауылда қылмыстың алдын алу перспективалармен танысып, бірқатар мәселелерді талқылады.
Марат Төлебаев пен Владислав Лукин барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, Мамлют ауданындағы белсенділермен және тұрғындармен Қызыләскер ауылында кездесті. Бірер күн бұрын №11 учаскелік полиция пунктінің жаңа үйі жөнделіп, пайдалануға берілген. Қызыләскерлік учаскелік полиция инспекторы Бахтияр Бексұлтанов жұмыс істейтін учаскелік пункті жаңа жиһаз және арнайы техникамен жабдықталған, 20 бейнебақылау камерасы орнатылған. Есеп берген Мамлют аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Серік Әлжановтың айтуынша, қазіргі уақытта ауданда 70-тен астам бейнекамера жұмыс істейді.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, соңғы жылдары құқықтық тәртіпті нығайту ісінде мамлюттік тәртіп сақшыларына көмегін тигізген қоғамдық кеңестің әлеуетін пайдалануды тапсырды. Марат Сағынтайұлы облыстық полиция ведомствосы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Осызаманғы полицей үшін басымдылық жұмыстағы ашықтық, айқындылық, сондай-ақ, қызметтің сервистік моделіне көшу болып табылатындығын атап өтті. Сонымен қатар соңғы кездері қылмыстың дені интернетке көшкеніне тоқталды. Соның салдарынан интернет алаяқтықтың саны артуда. Кездесу соңында полиция полковнигі Марат Төлебаев аудандық қоғамдық кеңестің тоғыз өкілін Алғыс хатпен марапаттады және учаскелік полиция пунктінде азаматтарды жеке қабылдау өткізді.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің басшысы.