«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛА АСЫРАП АЛУШЫЛАР МЕКТЕБІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінгі таңда елімізде 107 балалар үйі бар болса, онда 5 мыңнан астам жеткіншек тәрбиеленуде. Жыл сайын, шамамен, 200-250 баланы асырап алады екен. “Неке және отбасы” туралы кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес бұдан былай бала асырап алушылар, ең алдымен, ата-аналар мектебінде оқып, сертификат алуы тиіс.

Бүгінгі күні республикалық де­рек­тер қорында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балаларды асырап алуға тілек білдірген үш мыңға жуық адам тіркелген. Қазақстандықтардың ба­ла асырап алуы үшін ерлі-за­йып­ты болудан бөлек, тұрғын үйі мен тұрақты табысы болуы мін­детті. Кодекстің 91-бабына сәйкес бала асырап алушы адамның от­басында оның психикалық, руха­ни және адамгершілік жағынан да­муы, тәрбиеленуi мен бiлiм алуы үшiн жағдай жасалған кезде ғана асырап алуға рұқсат етiледi. Өкі­нішке қарай, былтыр асырауға бе­рілген жеткіншектердің 18 пайызы балалар үйіне кері қайтарылған. Түрлі себептермен ата-анадан айырылу кез келген бала үшін ауыр жағдай. Ал екінші рет отба­сын тауып, олардан тағы да қол үзу тіптен ауыр. Асырап алған ба­ланы қайтадан жетімдер үйіне өт­кізудің бірнеше себебі бар. Басты­сы – асырап алушының сәби ке­зінен тағдыр тауқыметін арқала­ған баланы тәрбиелеуге дайын болмауы, жан жарасын түсінуге тырыспауы.
Сондықтан соңғы төрт жылдан бері болашақ ата-аналарды даяр­лау, оларға білім беру және ата-аналық жауапкершілікті түсіндіру мәселесіне басымдық берілуде. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылып, Білім және ғы­лым министрлігі мен “Ана үйі” қа­йырымдылық қоры бала асы­рап алуға қолдау көрсету орталық­та­рын ашу бойынша екіжақты ме­морандумға қол қойған болатын. Бұл – еліміздегі балалар үйлерін азайту, ал болашақта мүлдем жа­бу жолындағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бір­лесе жасаған алғашқы қадамы. Со­нымен қатар орталық жанында “Бала асырап алушы ата-аналар мектебі” де жұмыс істейді. Біздің облыстағы осындай мектеп 2020 жылдың шілде айында отбасы­лық үлгідегі балалар ауылының жанынан ашылды. Бұл мектепте бала асырап алғысы келетін ата-аналарға, жетім қалған балалар­мен қарым-қатынас жасау, ата-аналар мен отбасы мүшелерін ба­ла асырап алуға даярлау бо­йын­ша арнайы дәрістер өткіземіз. Мұн­дай психологиялық сабақтар ап­тасына бір рет өтеді.
Бала асырап алушылар мекте­бі үш сағаттық 14 дәрістен тұра­ды. Бұл – тілек білдіруші ата-аналарға көрсетілетін көмектің ең не­гізгісі. Өйткені, бала асырап алу ту­ралы шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадамға барған азаматтарға ата-анасыз өс­кен және отбасы жылуын көр­ме­ген балалардың өздеріне тән пси­хологиялық ерекшеліктері бола­ты­нын түсіндіреміз. Олардың мүл­дем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Сондықтан дәрістер барысында осындай мәселелерге қатысты көптеген кеңестер беріледі. Өткен аптада бірінші топта оқыған 15 ата-анаға психологиялық дайын­дықтан өткенін растайтын серти­фикат табысталды.
Асырап алған бала жаңа отба­сы­на бес жыл ішінде толық үйре­не­ді. Бұл мерзім оның қандай ба­лалар үйінен шығып, қандай үйге келгеніне де байланысты. Кейбір асырап алушы ата-ана баланың осыған дейінгі бүкіл өмірін сызып тастағысы келеді. Бірақ одан қа­шып құтыла алмайсың. Өйткені, оның биологиялық гені бар. Қай балалар үйінде өскені, өмірде не көргені бар – соның бәрін жеңуге дайын болғанда ғана баланы асы­рап алу керек. Жаңа отбасы­мен танысып, үйренгенше алдымен қо­наққа, каникулға алып кетуге болады. Сондай-ақ, заң бойынша бір үйдің 4-5 баласын бөлуге болмайды. Дәрістер барысында біз ата-аналарға осы және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша кеңестер береміз.
Асырап алынған балалар жер­гі­лікті қорғаншылық немесе қам­қоршылық жөніндегі функция­лар­ды жүзеге асыратын органдардың тұрақты бақылауында болады. Сондай-ақ, Кодекске сәйкес асы­рап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемі бір рет оның тұрмысы, оқуы, тәрбие жағ­дайы және денсаулығы тура­лы ақпарат ұсынуға міндетті.

Әсем ЕЛЕУСІЗОВА,
отбасылық үлгідегі балалар ауылының психолог-педагогы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp