Бүгінгі таңда елімізде 107 балалар үйі бар болса, онда 5 мыңнан астам жеткіншек тәрбиеленуде. Жыл сайын, шамамен, 200-250 баланы асырап алады екен. “Неке және отбасы” туралы кодекске енгізілген өзгертулерге сәйкес бұдан былай бала асырап алушылар, ең алдымен, ата-аналар мектебінде оқып, сертификат алуы тиіс.
Бүгінгі күні республикалық деректер қорында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алуға тілек білдірген үш мыңға жуық адам тіркелген. Қазақстандықтардың бала асырап алуы үшін ерлі-зайыпты болудан бөлек, тұрғын үйі мен тұрақты табысы болуы міндетті. Кодекстің 91-бабына сәйкес бала асырап алушы адамның отбасында оның психикалық, рухани және адамгершілік жағынан дамуы, тәрбиеленуi мен бiлiм алуы үшiн жағдай жасалған кезде ғана асырап алуға рұқсат етiледi. Өкінішке қарай, былтыр асырауға берілген жеткіншектердің 18 пайызы балалар үйіне кері қайтарылған. Түрлі себептермен ата-анадан айырылу кез келген бала үшін ауыр жағдай. Ал екінші рет отбасын тауып, олардан тағы да қол үзу тіптен ауыр. Асырап алған баланы қайтадан жетімдер үйіне өткізудің бірнеше себебі бар. Бастысы – асырап алушының сәби кезінен тағдыр тауқыметін арқалаған баланы тәрбиелеуге дайын болмауы, жан жарасын түсінуге тырыспауы.
Сондықтан соңғы төрт жылдан бері болашақ ата-аналарды даярлау, оларға білім беру және ата-аналық жауапкершілікті түсіндіру мәселесіне басымдық берілуде. Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік құрылып, Білім және ғылым министрлігі мен “Ана үйі” қайырымдылық қоры бала асырап алуға қолдау көрсету орталықтарын ашу бойынша екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Бұл – еліміздегі балалар үйлерін азайту, ал болашақта мүлдем жабу жолындағы мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың бірлесе жасаған алғашқы қадамы. Сонымен қатар орталық жанында “Бала асырап алушы ата-аналар мектебі” де жұмыс істейді. Біздің облыстағы осындай мектеп 2020 жылдың шілде айында отбасылық үлгідегі балалар ауылының жанынан ашылды. Бұл мектепте бала асырап алғысы келетін ата-аналарға, жетім қалған балалармен қарым-қатынас жасау, ата-аналар мен отбасы мүшелерін бала асырап алуға даярлау бойынша арнайы дәрістер өткіземіз. Мұндай психологиялық сабақтар аптасына бір рет өтеді.
Бала асырап алушылар мектебі үш сағаттық 14 дәрістен тұрады. Бұл – тілек білдіруші ата-аналарға көрсетілетін көмектің ең негізгісі. Өйткені, бала асырап алу туралы шешім қабылдау оңай емес екені белгілі. Жауапты қадамға барған азаматтарға ата-анасыз өскен және отбасы жылуын көрмеген балалардың өздеріне тән психологиялық ерекшеліктері болатынын түсіндіреміз. Олардың мүлдем танымайтын отбасына бірден бейімделіп кетуі қиынға соғады. Сондықтан дәрістер барысында осындай мәселелерге қатысты көптеген кеңестер беріледі. Өткен аптада бірінші топта оқыған 15 ата-анаға психологиялық дайындықтан өткенін растайтын сертификат табысталды.
Асырап алған бала жаңа отбасына бес жыл ішінде толық үйренеді. Бұл мерзім оның қандай балалар үйінен шығып, қандай үйге келгеніне де байланысты. Кейбір асырап алушы ата-ана баланың осыған дейінгі бүкіл өмірін сызып тастағысы келеді. Бірақ одан қашып құтыла алмайсың. Өйткені, оның биологиялық гені бар. Қай балалар үйінде өскені, өмірде не көргені бар – соның бәрін жеңуге дайын болғанда ғана баланы асырап алу керек. Жаңа отбасымен танысып, үйренгенше алдымен қонаққа, каникулға алып кетуге болады. Сондай-ақ, заң бойынша бір үйдің 4-5 баласын бөлуге болмайды. Дәрістер барысында біз ата-аналарға осы және тағы басқа өзекті мәселелер бойынша кеңестер береміз.
Асырап алынған балалар жергілікті қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдардың тұрақты бақылауында болады. Сондай-ақ, Кодекске сәйкес асырап алушылар бала он сегіз жасқа толғанға дейін жылына кемі бір рет оның тұрмысы, оқуы, тәрбие жағдайы және денсаулығы туралы ақпарат ұсынуға міндетті.
Әсем ЕЛЕУСІЗОВА,
отбасылық үлгідегі балалар ауылының психолог-педагогы.