Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында белгілеп берген негізгі міндеттерді орындау басым бағыт болып қала береді. Бүкіләлемдік пандемия тудырған аса күрделі кезеңде бәсекеге қабілеттілігімізді айқындайтын артықшылығымызға және нақты резервтерге сүйенетін сын сәт туды. Бұл орайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдаланудың, иесіз қалғандарын толық айналымға енгізудің, осылайша өнімділікті арттырудың жолдарын қарастыра отырып, атқарылған жұмыстардан нәтиже шығару маңызды. Ауданның инвестициялық әлеуетінің мол екенін мына цифрлар да айғақтайды. 2019 жылы агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестиция көлемі 4 млрд. теңгені құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 8 пайызға көбейді. Ғимараттар мен құрылыстар салу, техникалар мен жабдықтар сатып алу осы қаражаттың есебінен жүзеге асырылды.
Президент өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтты. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізудегі кедергілердің бірі – басы бірікпей, күнін ілдәләп көріп отырған шаруашылықтар екені даусыз. Ішкі резервтерді еселеуде, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуда олардың рөлі айрықша екенін жергілікті тәжірибе айқын аңғартады. Мәселен, “Бүркіт” ауыл шаруашылығы кооперативінің жетекшісі Мүбәрәк Саян “Агробизнес” бағдарламасы арқылы Германиядан 95 бас асылтұқымды ірі қара әкелсе, биыл оның санын 200 басқа дейін ұлғайтпақ. Тұтастай алғанда, шаруа қожалықтары бір мың бастан артық асылтұқымды мал сатып алды. “Жолдасбай-Агро” фермерлік шаруашылығы 600 басқа арналған тауарлы-сүт фермасын құруды ұйғарса, Ақбұлақ, Береке, Қулыкөл, Аққұдық ауылдарында 11200 басқа шақталған бордақылау алаңдары бой көтереді. Бордақылау алаңының құрылысын “ОрдаСолтүстік” ЖШС-і жүргізеді. Қарасу ауылдық округінде сүт өнімін сатып алу және қайта өңдеу жобасы іске қосылады. Қазір мұнда тәуліктік қуаттылығы бір тонналық модульдік цех орнатылды. Бұл жобалар толық іске асқанда 50-ден астам адам еңбекпен қамтылады. Осындай нәтижелі жұмыстардың арқасында былтыр 5,7 мың тонна ет, 46,9 мың тонна сүт, 5,6 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, ірі қара – 2,4, жылқы – 4, қой-ешкі – 2,2, құс 2 пайызға көбейді. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалардың шапағатын көре отырып, шикізатты жергілікті жерлерде өңдеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін шығаруды ұйымдастыру ісі жалғасын табады.
Жолдауда шағын және орта бизнес күрделі кезеңді бастан өткеріп отырғаны, пандемияның зардабы осы салаға өте-мөте ауыр тигені айтылып, қолайлы қаржыландыру мүмкіндіктері ұсынылды. Атап айтқанда, несиелердің төлем мерзімі кейінге шегерілді. Қосымша көмек ретінде басқа да жеңілдіктер қарастырылды. Экономикалық ахуал әлі де күрделі, сондықтан жұмыс орындары мен еңбеккерлердің табысын сақтау аса маңызды. Нарықта табысты болудың негізгі көрсеткіші кәсіпкерлік субъектілерінің өркендеуімен өлшенетіні ақиқат. Былтыр шағын несиелеу мөлшері 128 млн. теңгеге жетті. 30 адам несие алса, 87 адам грантқа ие болды. “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша 17 млн. теңгенің – 3, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы аясында 242 млн. теңгенің 7 жобасы жүзге асырылды. 33 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Президент ауылдың әлеуетін толық пайдалану стратегиялық маңызы зор мәселе екеніне айрықша назар аударды. Елді мекендердегі мейлінше өзекті мәселелерді шешуге арналған “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы жалғасатынын, шекара маңын дамытуға тың серпін беру қажеттігін баса айтты. Ауданымыз солтүстік және солтүстік-шығысында Ресейдің Омбы облысымен, шығысында еліміздің Павлодар, оңтүстік-шығысында Ақмола облыстарымен шектеседі. Тұрғындардың ауылдарда тұрақтап, тұрмыстарының көтерілуіне бәріміз мүдделіміз. Яғни, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру әр кез басты назарда болады. Оның бір жолы – жұмыссыздықты азайту. Өткен жылы 1633 адам жұмыспен қамтылды. 106 отбасына 35 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді. “Бастау” бағдарламасы арқылы 45 адам білімдерін жетілдіріп, 6 адам 21 млн. теңгенің шағын несиесін алды. 43 адамға 22 млн. теңгенің гранты кепілдендірілді. “Оңтүстіктен – солтүстікке” жобасы аясында 30 отбасы қоныстанып, оларға барлық жағдай жасалды.
Қазақстанның алдында тұрған аса маңызды міндет – өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану. Ауданда өңдеуші кәсіпорындар мен тау-кен өнеркәсібін жандандырудың мүмкіндіктері зор. Оны толыққанды іске асыруымыз керек. Саны көп ұсақ жобалардан гөрі, сапалық жағына баса мән берілгені жөн. Былтыр 1 млрд. 188 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндірілді. Қайта өңдеу ұйымдарының өнім көлемі – 7,7, тау-кен мекемелері бойынша 3,5 пайызға өсті. Қарасу ауылдық округі аумағында әктің мол қоры жинақталған. Қулыкөл ауылдық округі аумағында алтын қорын барлау жұмыстары жүргізіледі.
Инфрақұрылымдық өзгерістер қатарында жолдарды жөндеу және сумен жабдықтау мәселелері бірінші кезекте тұр. Өйткені, бұл салалар тұрғындардың өмірінде маңызды орын алады. Соңғы үш жылда жергілікті жолдардың 30 пайызы жақсартылып, 51 шақырым жол жөнделді. “Көктерек – Тосап – Жасқайрат – Қайрат” және “Қулыкөл – Қаратал” бағыттарындағы автомобиль жолдарын қалпына келтіруге жарты млрд. теңге жұмсалды. Басқа ауылдар үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Бүгінде тұрғындардың 95 пайызы сапалы ауызсу тұтынады. 10 ауылға су тазарту қондырғысы орнатылды. Биыл Қулыкөл елді мекенінде 230 үйге су құбыры тартылады.
Десек те, елді мекендерді абаттандыру, жұмыссыздықты азайту, жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру мәселелері әлі де өзекті. Алдымызда тұрған басты мақсат – Жолдауда белгіленген жедел шараларды атқару үшін жаңаша жұмыс істеу, нақты әрекеттерді жүзеге асыру.
Қайрат ПІШЕНБАЕВ,
Уәлиханов ауданының әкімі.