«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖОЛ САПАСЫ СЫН КӨТЕРМЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жылы республикалық және жергілікті маңыздағы тас жолдарды жөндеу мен қалыпта ұстауға бюджеттен 35,5 млрд. теңге бөлінді. Оның 27 млрд. теңгесіне 954 шақырым жол жөнделді. Бұл жұмыстарда кемшіліктер де бар. Солтүстік Қазақстан облысында автомобиль жолдарын салу және жөндеудің 2020 жылғы қорытындысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ-ы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, былтыр өңірдегі жолдарды жөндеп-күтуге 35,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 17,6 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Қолға алынған жөндеу жұмыстарының нәтижесінде «Челябі – Новосібір» тасжолының 29,2 шақырымы жаңартылды. Бұдан бөлек, 71 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілді. «Қарақоға» бақылау-өткізу бекетінде күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Атқарылған жұмыстарды «Qyzyljar – adaldyq alaŋy» жобалық кеңсесінің мониторингтік тобы қабылдағанын атап айтқан жөн.
– Үстіміздегі жылы Мағжан Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылының айналма жолының үш шақырымын күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Булаево – Возвышенка – Молодогвардейское – Қиялы – Рощинское ауылдарын байланыстыратын трассаның ұзындығы 228 шақырымды құрайды. Былтыр Петропавл қаласының айналма жолына жобалық-сметалық құжат дайындалған болатын. Оған Есіл өзенінің үстімен өтетін көпір мен Ойқала шағынауданының тасжолын жаңғырту кіреді. Тиісті жұмыстар биыл өз жалғасын табады, – дейді Болатбек Айтбаев.
117 мың тұрғыны бар 150 ауылдың жол мәселесі шешімін тапты. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Баяхметтің айтуынша, бүгіндері өңір жолдарының 69 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарын жөндеуге және қалыпта ұстауға 7,8 млрд. теңге бөлінді. 2025 жылға дейін жөнделген жолдардың көрсеткішін 95 пайызға жеткізу көзделген.
Баспасөз мәслихаты барысында «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесі облыстық филиалының директоры Жолдыбай Тентеков республикалық маңыздағы жолдардың 27 нысанынан зертханалық сынама материалы алынғанын айтты. Ұйым мамандары 313 рет тексеріске шығып, жөндеу жұмыстарына байланысты 319 кемшілікті анықтаған. Олардың басым бөлігі – қиыршықтастың грануметриялық талаптарға сәйкес келмеуі. Яғни, шикізат жобадағыдай пайдаланылмаған. Жергілікті маңыздағы тасжолдарда да олқылықтар жетерлік. Мәселен, 212 тексерістің нәтижесінде тиісті талаптарды орындамаудың 222 фактісі тіркелді. Жалпы, 341 сынама алынып, 35-сінде жол сапасы талаптарға сәйкес келмейтіні анықталған. Сондай-ақ, мердігерге 15 мың шаршы метрлік екі учаскеде жұмысты қайтадан бастау қажеттігі туралы кеңес берілді. Ол жұмыстарға мердігерлер 23 млн. теңге жұмсамақ.
– «KazFortis» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Пресновка – Благовещенка – Қайранкөл» ауылдарын байланыстыратын тасжол учаскесін жөндеу кезінде өрескел қателіктерге жол берген. 5,5 млн. теңгенің асфальт жамылғысы талаптарға сәйкес келмейді. Жол жамылғысы кепілдік мерзім өтпей жатып шұрық тесік. Дәл осындай жайт «Булаево – Советсвое» тасжолында да тіркелді. Бұл жердегі жұмыстар «Дорожник «Ашық аспан» серіктестігіне тиесілі. Аталмыш олқылықтарға жол берген мердігерлер кемшіліктерін түзейтін болады, – дейді тексеруші компанияның өкілі.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мекемесі облыстық филиалының мамандары мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасына жауапсыз мердігерлерге қатысты үш өтініш жіберген. Оның екеуінде әкімшілік хаттама толтырылып, 2,2 млн. теңгенің айыппұлы салынды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp