Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” бағдарламасы арқылы ел ішінде кәсіпкерлікке кең өріс ашылуда. Шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік беретін жоба бойынша несие алғандардың бірі – жас кәсіпкер Нұрбек Смағұлов. Қызылжар ауданындағы Пеньково ауылының тұрғыны ағаш өңдеу цехын ашып, құрылыс материалдарын жасауды қолға алған.
– Қазіргі кезде өңірде үй салу қарқын алды. Баспаналардың жанына қора, монша мен гараж тұрғызылады. Солардың барлығын салу үшін тақтай, бөрене және басқа да құрылыс материалдары қажет. Сондықтан осы бағытта жұмыс істеуді ұйғардым. Ниет болғанымен, қаржы тапшы. Осындай кезде мемлекет қолдау көрсетті, – дейді Нұрбек Өмірұлы.
Жас кәсіпкер бес жылға 6 пайыздық мөлшерлемемен берілген 4,5 млн. теңгеге “МТЗ-82” тракторын, “ЗИЛ” жүк көлігін және ағаш тілу құрылғысын сатып алады. Ағаш өңдейтін цех ресейлік заманауи станоктармен жабдықталған. Нұрбек Смағұловтың айтуынша, қажетті шикізат Қызылжар ауданындағы орман шаруашылықтарынан жеткізіледі. Өндіріс орнында ай сайын 400 текше метрге дейін өнім шығарылады.
Кәсіпкер ауылдың төрт тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың екеуі әлеуметтік бағдарлама аясында жұмысқа орналастырылған. Жалақыларының 30 пайызын – мемлекет, ал қалған 70 пайызын кәсiпкер төлейдi. Жұмысшылардың әрқайсысы 90 мың теңге айлық алады.
Жаңадан ашылған цехтың бөренелері мен тақтайларына деген сұраныс күн санап артуда. Оның сыры – ағаш өнімдерінің отқа төзімділігін арттыратын арнайы сұйықтықпен өңделуінде. Нұрбек Өмірұлының айтуынша, жай тақтайлар 10-15 минуттың ішінде толықтай жанып кетсе, өңделгеннен кейін ол отқа 40-45 минутқа дейін шыдас береді екен.
– Мен бірнеше жыл облыстық төтенше жағдай жөніндегі департаментке қарасты мекемелердің бірінде өртсөндіруші болып жұмыс істедім. Кейін кәсіпкерлікпен айналысуға бел буып, өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша қызмет көрсететін “Консультант” ЖШС-ін құрғанмын. Бүгінге дейін облыс орталығы мен аудандардағы мекеме-ұйымдарда өртке қарсы дабылқаққыш құрылғыларды орнату, ағаш ғимараттарды өртке қарсы сұйықтықпен өңдеу, өрт сөндіру құралдарын жаңарту бойынша қызметтерді көрсеттім. Сондықтан цехта шығарылатын өнімнің тұтынушылардың көңілінен шыққанын, оның өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болғанын қалаймын, – дейді Нұрбек Смағұлов.
Кәсіпкер – өңірімізде 2018 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан “Zhas Project” жастар бастамаларын қолдау жобасының қатысушысы. Алғашқы жылы өтінім берген 211 жобаның ішінде үздіктердің қатарынан көрініп, өрт қауіпсіздігі туралы білім беретін “Жас құтқарушылар мектебі” атты оқу орталығын ашқан. Үздіктердің қатарынан көрініп, 1 млн. теңгенің грантын алған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.