Еліміздің тұс-тұсында қауіпті індеттің таралу қарқыны бәсеңдей бастады. Бұл жағынан Қазақстан қазір «жасыл аймақта» тұр. Денсаулық сақтау министрлігінің 14 ақпандағы эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасына сәйкес 11 өңіріміз – «жасыл аймақта». Бұрнағы күні «қызыл аймақта» болған Ақмола облысы Нұр-Сұлтан қаласына ілесе «сары аймаққа» қосылды. Сондай-ақ бұл қатарда Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бар. Ал індетті жұқтыру әлі өршіп тұрған Павлодар облысы – «қызыл аймақта» қалған бір ғана өңір.
Денсаулық сақтау министрлігінің 14 ақпандағы мәліметі бойынша 23 828 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның арасында 5 295 науқас стационарда, 18 533 науқас амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда: 244 адамның жағдайы ауыр, 51 адамның жағдайы өте ауыр, 42 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
Кешегі дерек бір тәулікте 837 адамнан ПТР арқылы коронавирус инфекциясы анықталғанын көрсетті. Мұның ішінде індетті ең көп жұқтырғандар «қызыл аймақтағы» Павлодар облысынан (130 адам) болса, одан Алматы қаласы да (110 адам) қалыса қоймапты. Бұл Алматының «жасыл аймақта» болғанымен, жағдайды қатаң бақылауда ұстауы қажет екенін қаперге салады. Өйткені халқы тығыз мегаполистерде ахуал күрделеніп, «қызара» түсуі тез-ақ екенін елорданың мысалынан аңғаруға болады. Астана айналдырған бір айдың ішінде бірнеше рет «қызуы» көтеріліп, «қызыл аймаққа» кіріп шықты. Жалпы, барлық өңіріміз – еліміз «жасыл» деп жағасын жайлауға жібермей, ауруды асқындырмауға аса сақтықпен қарағаны жөн.
Бүгінде бейдауа індеттің біржола бетін қайтаратын бірден-бір амал вакциналау болып тұр. Елімізде ақпан айынан басталып кеткен бұл үдеріске үміт артып, екпе салдыруға ниеттілердің қатары толығып жатыр.
https://egemen.kz