Қоқиқаз – дене бітімі ерекше, тұмсығы имек, сирек кездесетін құс. Қорғалжын қорығындағы Теңіз көлінде ғана ұялап, жұмыртқалайды. Қораздары мекиендерінен ірілеу. Бойының биіктігі – 91-120 сантиметрдей.
Қораздарының салмағы – 4,5 килограмм, ал мекиендерінікі – 3 килограмдай. Қанаттарының ұзындығы – 35-49 сантиметр. Ересек қоқиқаздардың қауырсындарының түсі ақ, қызғылт, ұштары қара, ұзындығы – 11-16 сантиметр, тұмсықтарының екі жағындағы тілімденген “тісшелері” қоректенген кезде сүзгіштік қызмет атқарады. Яғни, ол басын суға батырып, түбін қопарып, судағы жәндіктерді сүзіп алып қоректенеді. Ұшып бара жатқан қоқиқаздың қанаттары лапылдап жанған оттың жалынына ұқсас болғандықтан, оларды кей халықтар “жалын құс” деп те атайды. Қазақстанға наурыз-сәуір айларында ұшып келіп, қазан-қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкістан аумағына қоныс аударады. Шаянтәрізділермен, ұлулармен, жәндіктердің дернәсілдерімен, балдырлардың және су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Олардың тіршілігі үшін таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Саны жылдан жылға азайып барады. Бұл құстарды атуға мүлде тыйым салынған. Халықаралық табиғат қорғау одағының және Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.