Омбы қарда орғып ойнаған елікті көрген де арманда, көрмеген де арманда! Қандай ерке, неткен сұлу! Шаңырақ мүйіз маралдардың тәкаппар жүріс-тұрысы, тіпті, тамаша! Шалт қимылдасаң, жалт бұрылып тым-тырақай қаша жөнеледі. Түз тағысы болған соң үрікпей қайтсін?! Алайда, қолдарында шелегі бар қорықшыларға бауыр басқан сыңайлы. Жапа-тармағай келіп, арпаға бас салады. Осынау көріністі сырттай бақылаудың өзі адамның табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыра түсердей.
Есіл ауданындағы “Красный бор” жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қорығы облыс орталығынан 87 шақырым жерде орналасқан. Қорықта жануарлардың ондаған түрі бар. Мысалы, табиғаты көркем осы жерге бас сұқсаңыз, елік, марал, қабан, қоян мен тиіндерді кезіктірмей кетпейсіз. Осындай ұзын-ырғасы 5 мыңға жуық аң мекендейді.
Қорықтың байлығы – бұғы тұқымдасына жататын марал. Дене тұрқы – 250-265 сантиметр, салмағы 300-340 килограмм болатын бұл жануар өңірімізге осыдан 30 жыл бұрын көршілес Ақмола облысынан жеткізіліпті. Мекеме директоры Николай Гусельников атап өткендей, сол жылдары аталмыш қорықта марал саны 20 шақты ғана болса, қазір едәуір артқан. Соңғы, яғни былтырғы есеп бойынша мұндағы маралдар – 1400-ден, ал еліктер 3 мыңнан асып жығылады. Жабайы қабандардың саны да 400-ге жуықтаған. Түз тағыларының осыншалық көбеюіне жақсы күтімнің арқасында қол жеткізіліп отыр.
Үстіміздегі жылы облыста қар қалың түсті. Қысы алты айға созылатын өңірде жабайы аңдарға азық табу қиын. Сондықтан аталмыш мекеменің ұжымы оларға көмекке келіп, белгіленген жерлерді техникамен қардан аршиды.
– Ақ түтек борандарда, сарышұнақ аяз қысып, қалың қар жауғанда жабайы аңдар қорек таппай қиналатынын білеміз. Олар аштан өлмеуі үшін осы кезде біз қолдан қоректендіруді бастаймыз. Оттықтар дайындап, ішін жем-шөпке толтырамыз. Жануарларға азықтанатын орындарға жету жеңіл болу үшін қарларды тазалаймыз. 5 азықтандыру алаңымыз бар. Биылға 8 мың сыпыртқы, 250 тонна шөп және 59 тонна арпа әзірледік. Бұл азық жануарлардың қытымыр қыстан аман шығуына жеткілікті. Сондай-ақ, кейде жақын маңдағы шаруалар да көмектесіп, рапс, зығыр жеткізіп тұрады, – дейді Николай Александрович.
Алдағы күндері қорыққа Ақмола облысынан 10 марал жеткізілмек. Бұл қан араластыру үшін аса қажет. Тек сонда ғана жануарлардың төлі кемістіксіз туылады екен.
Жалпы аумағы 60 мың гектардан астам жерді бақылайтын мамандар табиғаттың арда перзенттерінің емін-еркін тірлік кешуі үшін қолдан келгеннің барлығын жасайды. Жануарлар тәулігіне 2 рет жем жейді. Еліктер мен маралдарға күніне – 150, қабанға 300 грамм жем беріледі. Тіпті, маралдардың иммунитетін нығайтып, мүйіздерін берік ету мақсатында апта сайын тұз жалатқызады.
– Түз тағыларын күтіп-ұстау жұмысы 6 білікті қорықшыға сеніп тапсырылған. Былтыр олардың орман ішінде еш қиындықсыз жүріп-тұруы үшін 3 арнайы көлік сатып алынды. Дегенмен, жігіттер кейбір кезде үлгермей, түннің бір уағына дейін жүреді. Сол себепті, бізге тағы бір жұмысшы аса қажет болып тұр. Осыған дейін бірнеше рет хабарландыру таратып, жұмысқа жастарды шақырып едік, нәтиже жоқ. Өйткені, жалақы аз, – дейді Николай Гусельников.
Қорық аумағында емін-еркін жайылған аң-құсқа көз алартып қарайтындар да жоқ емес. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімовтің айтуын-ша, былтыр заңсыз аң аулау фактісі жиілеп, 60 заң бұзушылық тіркелген. Сондықтан маман табиғат заңнамасын белден басқандардың жазасыз қалмайтынын ескертеді.
– Егер әлдекім орман жануарларының өміріне қауіп төндіруге оқталса, ескерту алады. Ал ешбір құжатсыз аңшылық құрып оқ атса, қомақты көлемде айыппұл төлейді. Мұндағы әр жануар – қорықшылардың жіті бақылауында, – дейді Ерлан Бекенбайұлы.
Жалпы, облыста 47 аңшылық алқабы бар. Жалға алынған мекемелерде жабайы жануарларды тамақтандыру жұмысын шаруашылық жүргізуші нысандар атқарса, резервте тұрғандарға жергілікті атқарушы органдар жауапты. Биылға аңдар үшін 35 мың сыпыртқы, 60 мың тонна шөп, 60 тонна жем дайындалған. Жемдеуден бөлек, қауіпсіздік шаралары да үнемі жүргізіліп тұрады.
Иә, түрлі түз тағыларына толы қорық – біздің ортақ байлығымыз. Кім-кімді де өзіне ынтықтыратын ақ қайыңдар мен қарағайлардың ортасында орналасқан бұл жер – Тәңірдің өзі сыйға тартқан ғажайып мекен. Табиғаттың осынау бөлшегіне қол сұқпай, көздің қарашығындай қорғау – әрбіріміздің міндетіміз.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.