«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰМҒА СІҢГЕН ҚАРЖЫ Құрып кеткен ауылдарға ауызсу тарту кімге қажет?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуы үйреншікті құбылысқа айналғандай. Мәселен, республикалық Есеп комитетінің ақпараты бойынша, діттеген мақсатына жетпеген жобаларға 2020 жылы 74 млрд. теңге беріліпті. Әсіресе, ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде кемшілік көп.

Ауызсу тапшылығын жою үшін елімізде 2002-2010 және 2011-2020 жылдарға арналған “Ауызсу” мен “Ақбұлақ” деп аталатын арнайы бағдарламалар қабылданды. Бұл бағдарламаларға көп үміт артылған. Алайда, ол ауыл тұрғындарының шөлін қандыра алған жоқ. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы өкілдерінің айтуынша, соңғы сегіз жылдан бері Преснов топтық су торабына жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Тапсырыс беруші – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Су ресурстары комитеті. Жобаның бірінші кезеңіне ел бюджетінен 7,8 млрд. теңге бөлінді. 2014 жылы басталған жоба аясында 22 мың тұрғыны бар Явленка, Покровка, Мальцево, Талапкер, Поляковка, Амангелді, Петровка, Новомихайловка, Владимировка, Бексейіт, Становое, Искра, Воскресеновка, Мамлютка және Андреевка ауылдары су торабына қосылуы тиіс болатын. Маңызды жұмыс “СМП-610” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сеніп тапсырылды. Алайда, бас мердігер 2014-2017 жылдары аралығында жұмысты қажетті деңгейде орындамаған. Яғни, бюджет қаражатының тек 42,3 пайызын ғана игеріпті.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, құрылысшылар қауымдастығының директоры Валерий Дорошенконың айтуынша, жобаны уақытында тапсырмауы өз алдына, атқарылған жұмыстарда да бірқатар кемшіліктер анықталған.
– Облыстағы су құбырларының басым бөлігінің тозығы жеткені белгілі. Бұл мәселені шешу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жыл сайын қомақты қаржы бөлгенімен, жаңғырту жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Мәселен, Преснов топтық су торабын қайта қалпына келтіру жұмыстарының басталғанына сегіз жылдың жүзі болды. Жұмысты сылбыр жүргізген компания игерілмеген қаржыны бюджетке қайтарғанымен, жобалық-сметалық құжаттамалар жаңартылған жоқ. Сөйтіп, маңызды жоба әлі күнге дейін аяқталмауда. Жергілікті серіктестік пен шенеуніктердің салдыр-салақтықтарының кесірінен 33 мың тұрғыны бар ондаған ауыл әлі күнге сапалы суға қол жеткізген жоқ, – дейді Валерий Иванович.
Жүргізілген жұмыс сапасыз деп танылғандықтан қайта есептеу жүргізіліп, 2,9 млрд. теңге бюджетке қайтарылды. Кейін бұл жұмыстар “Қазсушар” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалына сеніп тапсырылды. Былтыр тағы 2 млрд. теңге бөлінсе, бір жылда оның тек 387 млн. теңгесі игерілген екен. Үстіміздегі жылы да жобаға қомақты қаржы бөлінбек. Жуырда аталмыш кәсіпорынның басшылығы жұмысты атқарудан өз еркімен бас тарту туралы шешім қабылдады. Осыған орай алдағы уақытта тағы да конкурс жарияланып, жаңа мердігер анықталмақшы.
Преснов су торабына жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңі 2014 жылы басталған. “Кимаки” ЖШС-і қолға алған жұмыстардың нәтижесінде Пчелино, Қызыләскер, Степное, Раздольное, Ленино, Новодубровное, Михайловка, Сарман, Спасовка, Оседлое, Тауағаш, Боевик, Орталық, Архангелка, Железное, Сенжарка, Кладбинка және Троицкое елді мекендеріне таза су жеткізілмек. Бүгінгі таңда мердігер компания бюджеттен бөлінген 4,8 млрд. теңгенің 92 пайызын игеріп үлгерді. Ал былтыр бөлінген қосымша 575 млн. теңгенің 330 млн. теңгесі игерілген.
– Бұл жобалық-сметалық құжаттамалар осыдан сегіз жыл бұрын жасалған. Мен ол кезде “Жобаларды мемлекеттік ведомстводан тыс сараптау” шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалын басқарған едім. Содан бері біраз жыл өтсе де, бұл жұмыстардың аяқталмағанына таңым бар. Кезінде конкурс арқылы бас мердігер анықталып, қажетті қаржы бөлінді. Бар жағдай жасалды, бұдан артық не керек? Бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану, су желілерін сапасыз тарту және жөндеу-құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімдерін кешіктіру сияқты кемшіліктер орын алды, – деген Валерий Дорошенко бұл келеңсіз жағдайларға жергілікті әкімдік пен Су ресурстары комитеті де жауап беруі тиіс екенін айтады.
Ақшаның уақытында игерілмеуі, жұмыстың сапасыздығы өз алдына, жоғарыда айтылған 17 ауылдың кейбірінің тұрғындары көшіп кетіп, жұрты ғана қалған. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Орталық ауылында бес-алты отбасы ғана тұрса, Боевиктің жұртына қазір шөп өсіп кеткен. Есіл ауданындағы ауызсу желісі тартылуы тиіс Оседлое, Сарман және Тауағаш ауылдары Спасовка ауылдық округіне қарайды. Осыдан сегіз жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес аталмыш ауылдарға су тартылуда. Алайда, қазіргі уақытта олардың ішінен тек Тауағаштың ғана жағдайы біршама жақсы десек, қателеспеспіз. Бірнеше жыл бұрын бұл елді мекенде 250 млн. теңгеге екіқабатты жаңа мектеп салынса, сүт кооперативі мен азық-түлік дүкені бар. Ал округ орталығы – Спасовкада 48 үй қалса, Оседлоеда 30 түтін бар. Ал Сарманда бар-жоғы 7 үй ғана қалды. Яғни, бюджеттен бөлінген қомақты қаржы болашағы бұлыңғыр елді мекендерге жұмсалуда.
Облыстық қоғамдық кеңестің тағы бір мүшесі, облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаев та мемлекет қаржысының бейберекет жұмсалуына наразы. Ол: “Кимаки” серіктестігі жүргізіп жатқан жаңғырту жұмыстарының арқасында 15 елді мекеннің тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізеді деп күтілуде. Дегенмен, жобалық-сметалық құжаттамалар жасалған 2012 жылы бұл ауылдарда 11,8 мың адам тұр­ған еді. Ал қазір ше? Бүгінгі таңда сол елді мекендердің бірқатары “болашағы жоқ” ауылдардың тізіміне кіріп үлгерді. Ауызсуды мұндай елді мекендерге тарту миллиондаған қаржыны құмға құюмен бірдей. Бірақ құжаттамалар уақытында жаңартылмағандықтан, қазір шегінерге жолдары жоқ”, – деген пікірімен бөлісті. Кәсіподақ төрағасының айтуынша, оңтүстік өңірлерден көшіп келетін отбасыларды аталмыш ауылдарға қоныстандырмаса, мәселені оңтайлы шешудің басқа жолы жоқ сияқты.
Облысымызда ауылдарға ауызсу тарту тегіс теріс атқарылып жатыр деп көпке топырақ шашудан аулақпыз. Соңғы жылдары инфрақұрылымдарды жаңғыртудың арқасында 250,3 мың тұрғыны бар 398 ауыл орталықтандырылған ауызсу желісіне қосылды. Бұл – солтүстікқазақстандықтардың 62,7 пайызы. “Ақ бұлақ” бағдарламасы жүзеге асырылған жылдары 2,1 мың шақырым су құбыры тартылып, 40,1 млрд. теңгенің бюджет қаражаты игерілген. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділбек Әубәкіровтің айтуынша, былтыр аталмыш жұмысқа ел қазынасынан 6,5 млрд. теңге бағытталған. Нәтижесінде 60 мың тұрғыны бар 76 елді мекендегі су тарату желісі жаңғыртылып, қайта қалпына келтірілген. Биыл бөлінген 10,4 млрд. теңге қаражатқа 10 аудандағы 41 ауылда құбыр тарту және тозығы жеткен желілерді жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осылайша, жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 83,5 пайызы орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
– Ауызсудың шаңырағы шайқал­ған кейбір ауылдарға тартылып жатқанын жақсы білеміз. Біз бұған дейін мердігер компаниялардың жұмыстарына тексеріс жүргізіп, бірнеше мәрте жобалық-сметалық құжаттамаларды жаңарту қажеттігін ескерткен болатынбыз. Ал 2019-2020 жылдары Қызылжар өңіріне Ауыл шаруашылығы мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің өкілдері келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстарды тексерді. Сол кезде Су ресурстары комитеті мен мердігерлерге бюджет қаражатын игеру, жобаларға түзетулер енгізу бойынша нұсқаулар берілді. Де­генмен, уақыт көрсеткендей біздің ұсыныстарымыз бен өтініш­теріміз аяқсыз қалды. Ал енді жаңғырту жұмыстарын аяғына дейін жеткізуден басқа амал жоқ, – дейді Әділбек Бағдатұлы.
Бұдан бөлек, соңғы екі жылдан бері Соколов топтық су торабын қалпына келтіру жобасының екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бас мердігер “Қазбайлық Астана” ЖШС-і қолға алған жобаның құны – 5,8 млрд. теңге. Бұл жұмыстар толығымен аяқталған кезде Қызылжар ауданындағы 8,4 мың тұрғыны бар 16 ауылда су мәселесі шешілмек. Жаңғырту жұмыстары басталғалы екі жыл өткенімен, мұнда да олқылықтар шаш етектен. Соңғы ақпаратқа сүйенер болсақ, бірінші транштың тек 358, ал 2020 жылы бөлінген екінші транштың 354 млн. теңгесі ғана игерілген. Ал биыл тағы 1,6 млрд. теңге бағытталды.
Қорыта айтқанда, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, жұмсалатын қара­жат көлемі мен жоспарланған істің арасындағы алшақтық, олардың бағдарламалық құжаттардың мақсаттарына сәйкес келмеуі сияқты кемшіліктерге жол берілген. 2012 жылы ауызсу тартуға тиісті бақылау жүргізбегені үшін үш ауданның әкімі қызметінен айырылып, жауапсыз мердігерлер жазаға тартылғанды. Бірақ бұл сабақ болмаған сияқты. Әлі қанша әкімнің басы кететінін уақыт көрсетеді.

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp