«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Үш жылға сотталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірнеше рет ресейлік кәсіпкерден пара алған облыстық көліктік бақылау инспекциясының бас маманы 3 жылға сотталды. Қылмыстық іс жөнінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жетекшісі Ернар Баянғазин айтты.

– Сотқа дейінгі тергеу барысында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы Жасұлан Мұқановтың бірнеше рет пара алғаны анықталды. Инспекцияның қызметкерлері 2020 жылдың наурыз айында облыс аумағына заңсыз түрде бұрғылау қондырғысын өткізбек болған Ресей азаматын анықтайды. Мұқанов шетелдіктің қондырғыны өңірге коммерциялық мақсатта кіргізгенін және тағы бірнеше рет әкелетінін біліп, пайда таппақ болған, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің басшысы Ернар Баянғазин.
Оның айтуынша, Жасұлан Мұқанов 2020 жылдың 19 наурызы күні Ресей азаматына өзін көліктік бақылау инспекциясының қызметкерімін деп таныстырып, кәсіпкерге бұрғылау қондырғысын облыс аумағына кедергісіз тасымалдау және әрі қарай жалпы қамқорлық көрсету үшін ай сайын 1 млн. теңге сыйақы беріп тұруды ұсынған.
– Ісі әшкере болмауы үшін және қылмыстық жауапкершіліктен қашқан Мұқанов өз танысына істің мәнісін айтпай, интернет арқылы басқа бір адамдардың атына рәсімделген банк карточкаларының реквизиттерін жібереді. Кейін сол адамдар арқылы параны алып отыруды жоспарлайды.
Осылайша, талап етілген параның белгілі бір сомасын үшінші адамдар арқылы алған ол кейін еркінсіп, қалған сома – 1 млн. теңгені кәсіпкерден өзі алмақ болады, – дейді Ернар Баянғазин.
2020 жылдың 28 мамырында сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жедел іс-шаралардың барысында Жасұлан Мұқановты пара алып жатқан жерінен ұстады. Көліктік бақылау инспекциясының бас маманы 2020 жылдың сәуір және мамыр айлары аралығында өзіне және басқа біреулердің банк карточкаларына аудару арқылы 1,5 млн. теңге пара алған.
Петропавл қалалық соты 2020 жылдың 26 қарашасы күні Мұқановқа қатысты үкім шығарып, оны 3 жылға бас бостандығынан айырған. Ол енді өмір бойына мемлекеттік лауазымды қызметтерге орналаса алмайды. 2021 жылдың 20 қаңтарында сот үкімі заңды күшіне енді. «Сот қарауында Мұқановтың тікелей басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жатыр. Оған да сыбайлас жемқорлық қылмысқа барды деген айып тағылған», – дейді Ернар Баянғазин.

Ақерке Дәуренбекқызы.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp