Ұясынан күлімдеп шыққан күннің сәулесі ұйқыдан оянған далаға жан бітіріп, жайната түсті. Жеңіл жел жас бұта-талдардың сабағын тербейді. Шексіз көгілдір аспан осы табиғи сұлулықты қорғауға тырысқандай – дала мен ормандардың үстіне күмбездей төңкерілген. Бұл – самаладай нұрға шомған менің Отаным – Қазақстан.
Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырып, татулықтың тал бесігі бола білген осынау қасиетті елімізде жүзден астам этнос өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тіршілік етіп келеді. Оларды қанатының астына алып, қамқорлық танытып отырған Қазақстандай ел әлемде жоқ екендігін жиі естиміз. Бүгіндері талайдың қарашаңырағына айналған Отанымызда сенім, достық, өзара түсіністік ахуалы орнаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде: “Басты игілік – халықтар достығын қазақстандықтардың бір ғана ұрпағы сомдаған жоқ. Бүгіндері біздің тарихымыздағы көп жағдайды қайта ойлай келіп, біздің осы байлығымызды жоғалтуға, жақсы дәстүрімізді ұмытуға қақымыз жоқ”, – деп атап көрсеткен болатын. Расында да, Ұлы даланың тамыры терең тарихына үңілсек, еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосқан көрнекті жандар аз емес. Солардың бірі – облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық колледждің бұрынғы директоры Александр Мерк.
Адам өз тарихына есімін Отанының патриоты, қамқоршысы ретінде жазса, өмірі жылдармен санаспайды. Еліне қалтқысыз қызмет еткен Александр Андреевичтің есімі де ұзақ уақыт бойы ұмытылмақ емес. Өзінің мақсатына жету үшін көп еңбектеніп, жақсы нәтижелерге қол жеткізген оның көзі тірісінде Қазақстан Республикасы Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Түмен мемлекеттік университетінің докторы болғанын білеміз. Дегенмен, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжін 30 жылдан астам уақыт бойы басқарған ол, бірінші кезекте, өзінің сүйікті еліне лайықты жастарды тәрбиелеген ұстаз. “Қазақстанның қуаттылығы жас ұрпаққа байланысты”, – деп өткен Александр Андреевич өз елі үшін талай жоғары білікті мамандарды, спортшыларды, саясаткерлерді тәрбиелеп шығарды және ондаған адамға қиын кезде көмек қолын созды.
Александр Мерк – менің де отансүйгіш болып өсуіме себепкер болған жандардың бірі. Біздің алғашқы кездесуіміз 2014 жылдың 16 желтоқсанында өтті. Мен сол кезде 10 жасар ғана едім. Ол мені Тәуелсіздік күніне орай колледж студенттерінің алдында домбыра тартып, ән айтуға шақырды. Орыс қызының мемлекеттік тілді жақсы білетініне, ұлттық аспапта ойнайтынына өте риза болған ол студенттерге мені үлгі етті.
Ардақты ұстазымыз былтыр 7 мамыр күні өмірден озды. Зайыбының айтуынша, сырқат меңдегендіктен Ресейге емделуге аттанған оның соңғы тілегі – денесін туған жеріне тапсыру болған екен. Өйткені, ол өз елінің патриоты болды, ақтық демі қалғанша туған жеріне сүйіспеншілікпен қарады.
Біз еліміздің көркеюіне мол үлес қосқан азаматтардың есімін жиі санамызда жаңғыртып отыруымыз керек. Бұл ретте мен Александр Андреевичке қоғам игілігі үшін атқарған тамаша істері үшін, жастарға сапалы білім бергені үшін алғыс айтқым келеді. Мен оны өз Отанының шынайы патриоты деп ауыз толтырып айта аламын. Ол әрқашан Отанның мүддесін өз мүддесінен жоғары қойды. Татулық пен достықты дәріптеді.
Біз, өзге этнос өкілдері, осы бейбіт елде, берекелі жерде тұрып жатқанымызға қуаныштымыз. Мыңжылдықтар қойнауында жатқан даңқты тарих беттерін парақтай отырып, қазақ жеріне деген сүйіспеншілікті дәріптеген ержүрек жауынгерлердің, дана билеушілердің, талантты ақын-жазушылардың аз болмағанын білеміз. Олардың бәрі бізді Отанды қорғауға, бір-бірімізді құрметтеуге, бейбітшілікті сақтауға және болашақтың қамын ойлауға шақырады. Осындай өнегелі тарихымыз бар болғандықтан, мен еліміздің болашағы жарқын екеніне сенімдімін.
Екатерина ВОСИПЕНОК,
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж студенті.