М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің “Sanaly ūrpaq” жобалық кеңсесі белсенді студенттер арасында шығармашылық сайыс өткізді. Оның барысында сыбайлас жемқорлықтың алдыну алу мәселесі көтерілді.
Қыз-жігіттер үш кезеңнің сұрақтарына жауап беріп, тапсырмаларды талдап, қазылар алқасының алдында өздерінің көрнекі жобаларын қорғады. Әр сұраққа 1-1,5 минуттан берілді. Осылайша, студенттердің академиялық адалдық ережелерімен, жауапкершілік шараларымен қаншалықты таныс екендігі тексерілді. Бұдан бөлек, байқауға қатысушылар білім ордасында “Парасатты, адал студенттер” жасақтарын құруды ұсынды. Олар әр факультетте “Құпия сатып алушылар” қағидаты бойынша қызмет атқаратын болады. Сонымен қатар университет аумағында парақорлық мәселелері ашық талқыланатын алаң құру қажеттігі айтылды.
Тартысты сайыстың нәтижесінде студенттік ректораттың мүшелері топ жарды. Студенттер кәсіподағының командасы екінші орынға жайғасса, жастар ісі жөніндегі комитеттің өкілдері үшінші орынды иеленді.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің медиа орталығының бас редакторы.