Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2021 жылғы 11 ақпандағы №22 қаулысына сәйкес “AsiaCredit Bank” АҚ-ның банк және өзге де операциялар мен бағалы қағаздар нарығында қызметті жүргізуге берген лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды.
“Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының 1-тармағының 7), 15) тармақшаларына сәйкес пруденциялық нормативтерді және (немесе) сақталуы міндетті басқа да нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзу; қадағалап ден қою шараларын жүйелі түрде орындамау; уәкілетті органның қосымша капиталдандыру жөніндегі талаптарын банктің ірі қатысушысының орындамауы лицензиядан айыруға негіз болды.
Лицензиядан айыру күнгі жағдай бойынша банк активтерінің мөлшері – 45,4 млрд. теңге, несие портфелі – 45,0 млрд. теңге, оның ішінде 31,6 млрд. теңге немесе банктің несие портфелінің 70,0 пайызы 90 күннен астам мерзім бойы жұмыс істемейтін кредиттер болған. Лицензиядан айырылған күні “AsiaCredit Bank” өтімді активтерінің мөлшері 75 млн. теңгені құрады, бұл ретте орындалмаған клиенттік төлемдердің мөлшері 8,0 млрд. теңгеден асқан.
2019 жылғы қазанда Ұлттық банк осы банктің жалғыз акционеріне қатысты банкті капиталдандыру жөніндегі талап түрінде мәжбүрлеу шарасын қолданды, ол шара орындалмады.
2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы ақпан аралығында банк акционерінің қаражаты есебінен әлеуметтік маңызы бар мекемелер (мектептер мен ауруханалар) және “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ-ы алдындағы міндеттемелер толығымен өтелді.
Банктің қаржылық жағдайын жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспарының мерзімі 2020 жылғы 25 желтоқсанда аяқталды. Банк пруденциялық нормативтерді бұзуды жалғастырды және өз клиенттері алдындағы төлемдер мен аударымдар бойынша міндеттемелерді орындамады. Банктің қосымша провизиялар қалыптастыру үшін қажетті меншікті капитал тапшылығы 19 млрд. теңгені құрайды.
“AsiaCredit Bank” АҚ-да 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23 174 жеке тұлғаның депозиті бар, олардың жиынтық қалдығы, шамамен, 19 млрд. теңге. Банк салымшыларының, жеке тұлғалардың депозиттерінің 97,7 пайызы ҚДКҚ кепілдігімен толық көлемде өтеледі.
Агенттік төрағасының 2021 жылғы 11 ақпандағы №51 бұйрығымен уақытша әкімшілік тағайындалды, оған банктің барлық басқару органдарының өкілеттіктері өтті. Уақытша әкімшілік жетекшісі болып агенттіктің қызметкері Ерлан Сәрсенбекұлы тағайындалды. 2021 жылғы 12 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, клиенттердің және банктің өзінің банктік шоттары бойынша барлық операция тоқтатылды.
Алма ДӘУРЕНБЕКОВА,
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі
Петропавл қаласындағы өңірлік өкілдігі басқармасының басшысы.