Халқымыз ежелден табиғаттың бір бөлшегі – итті жеті қазынаның бірі санайды. Тіпті, “Бөрінің тәңірі болса, иттің иесі бар”, “Итті тепкенің – ырысты тепкенің” деп, жыл атауына да енгізген. Алайда, иесі үшін төртаяқтының бәрі бірдей қадірлі емес. Бүгіндері иесіз қалып, көше қаңғыған бұралқы иттер көбейді. Сұғанақ салпаң құлақтарды ветеринар мамандар аулап, көзін жоюда. Ал кейбірін волонтерлер қамқорлығына алып, оларға жаңа пана тауып беруде. Осыдан үш жыл бұрын облыс орталығында ашылған “Белый Бим” панажайында бүгінде 400-ге жуық төртаяқты бар.
Панажайды ашу идеясы волонтер Екатерина Королеваға тиесілі. Ол көшелерде тағыланған иттердің көбеюі тұрғындардың жауапсыздығынан деп отыр. Олардың көбі үй жануарын асырай алмағандықтан, далаға еркіне жібере салады екен. Әсіресе, саяжай маусымы біте сала керексіз болып жатады. Осылайша, мойнында қарғыбауы жоқ, иесіз иттер қалаға жайылады. Олар қоқыс жәшіктерінің маңын торуылдап, мекемелер мен тұрғын үйлердің аулаларында түнейді. Сондықтан Екатерина Королева оларды бір жерге жинап, күтіп-ұстауды жөн көрген. Бастапқыда жаураған күшіктерді пәтерінде ұстап келсе, кейін танысы Ольга Ульянова панажай үшін деп өзінің жер учаскесін ұсынған. Осылайша, бұл жерді ретке келтіру жұмыстары басталып, жан-жақтан пікірлес адамдар көмекке келген. Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған еріктілер құрылыс материалдарын сатып алып, қоршаулар тұрғызған. Нәтижесінде бір қоршауға 15 күшік пен бір ит сыйыпты.
Бүгінгі таңда панажайдың жануарларды қорғау тобы, шамамен, 40 адамнан тұрады. Олардың жетеуі осында жиі келіп жұмыс істейтіндер болса, қалғаны үнемі материалдық көмек көрсетеді. Бастапқыда қаражаттың жетіспеушілігінен арнайы жұмысшыларды жалдау мүмкіндігі болмаған. Жануарларға күтім жасау міндеті кезекшілік еткен еріктілердің мойнына ілінген.
Қытымыр қыста иттердің ашығып, тоңбауы үшін панажайға әрдайым сабан, жылы киімдер мен көрпелер, азық-түлік қажет. Жүрегі жомарт жандар мұнда қарақұмық, күріш, макарон өнімдерін, қалдық еттерді және сүйектерді әкеліп тапсырады екен. Иттер күніне екі рет тамақтандырылса, күшіктер мен жүдеу төртаяқтыларға көбірек беріледі.
Ауру жануарлар қамқор тұрғындардан жиналатын қаражат есебінен емделеді. Панажайға жаңадан қабылданған иттердің барлығы карантиндік қоршауларға орналастырылады. Екі аптадай паразиттерден тазартылып, иммунитеті нығайтылады.
Панажайға иттерді еріктілердің өздері жеткізеді. Бұл мақсатта әлеуметтік желілерде жануарларды қолдау топтарын ашқан.
– Мемлекет жеке шағын панажайларға көмектесуі керек. Тұрақты қолдау кеңеюге мүмкіндік береді. Біз иттерді барынша күтіп, жаңа иесін табуға көмектесеміз. Бұл олардың көше кезгендерінен әлдеқайда жақсы. Асырап алғандардың есебін де үзбей жүргіземіз. Итті адамға сеніп тапсырмас бұрын болашақ иесіне мұқият қараймыз. Өйткені, бізді панажайымыздағы әрбір төртаяқтының тағдыры алаңдатады, – дейді Екатерина Королева.
Бағзы заманнан адамның досы – итті қаңғыртып жібермей, күтіп ұстай білген жөн. Осындай игі жұмыспен айналысып жүрген панажай волонтерлерінің еңбегі елеусіз қалмады. Осыдан екі ай бұрын “Белый Бим” “Самұрық – 2020” облыстық байқауында топ жарды.
Мұхтар ХАҚНАЗАР.