Өңірімізде “Ыстық жүрек” акциясы басталды. Қайырымдылық шарасының барысында белсенділер таңнан кешке дейін шаһар көшелерін қардан тазартып жүрген коммуналдық қызметтер жұмысшыларына тіскебасар таратуда.
“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жастар бастамалары бөлімі ұйымдастырған шараға облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған “Күміс волонтерлер” клубының өкілдері де жұмылуда. Термостарын тәтті шайға, қоржындарын бауырсақ-бәліштерге толтырған олар трактор тізгіндеген жандарды сәл тынықтырып, мейірімге бөлегендеріне қуанышты.
– Жыл он екі ай қала тазалығын сақтау үшін көшелерге шығатын жұмысшыларға алғысымыз шексіз. Біз бүгінгідей бет қарытар суық күндері оларға титтей де болса жылулық сыйлап, қуантуды жөн көрдік. Бұл акция өңірімізде әз-Наурыз мейрамына дейін жалғасады, – дейді аталмыш мекеменің жастар бастамалары бөлімінің жетекшісі Анастасия Волкова.
Ыстық шаймен бойларын жылытқан қыз-жігіттерге қолдарына күрек ұстаған жұмысшылар дән риза.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.