Жуырда Ресейдің Смоленск пен Калуга қалаларындағы іздеу ұйымдарының өкілдері Ұлы Отан соғысына қатысушы жауынгердің “Ерлігі үшін” медалін тапқан болатын. Жергілікті өлкетану музейінің қызметкерлері 112801 нөмірлі марапаттың қазақстандық майдангерге тиесілі екенін анықтады.
Музей қызметкерлері соғыс ардагерінің туған-туысқандарын табу үшін Павлодар қаласындағы “Майдан жолы” іздеу-зерттеу жасағының көмегіне жүгінген. Жасақ командирі Александр Шитовтың айтуынша, қаза тапқан жауынгердің есімі – Сәлім Аршынбаев.
– Мұрағаттардан табылған құжаттарға сәйкес жауынгер 1912 жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы Бұрынғы Қызылту ауданында туған. 1942 жылы Қызылту әскери комиссариатынан соғысқа алынған. Сәлім Аршынбаев 1043 артилериялық полк жанындағы 306-шы атқыштар дивизиясының қатардағы жауынгері болды. Мұрағатта солтүстікқазақстандықтың Калинин майданында болған ұрыста көрсеткен ерлігі үшін жоғары марапатқа ұсынылғаны туралы дерек бар, – дейді Александр Шитов.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.