“Soltüstık Qazaqstan” газетінің 21 қаңтар күнгі санында жарияланған “Алаяқтың тұзағында – аңғалдар” деген мақалада қазіргі қоғамымыздағы өзекті мәселе қозғалған екен. Күнделікті іс-әрекетіміз интернетпен байланысқан қазіргі уақытта мен де тұрғындарды аса сақ болуға шақырамын.
Соңғы кездері интернет-алаяқтар әлдекімнің соншама теңге ақшасын қолды етіпті деген жаңалықтарды жиі еститін болдық. Онлайн ұрлық жасаудың түрлі айла-шарғыларын меңгерген кәнігі алаяқтар талайды тақырға отырғызып жатыр. Нақтырақ айтқанда, былтыр елімізде 14 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 495-і облысымызда жасалған. Бір ғана мысал – жуырда 66 жастағы жерлесіміз алаяқтың тұзағына түсіп, 2,5 миллион теңгеден астам қаржысынан айырылыпты. Бұл барып тұрған сұмдық қой! Біреудің қанша жыл жинап-тергенін әп-сәтте қолды етіп, оңай олжаға кенелген қаскөйлер жайлы естігенде қаным қайнайды. Бәлкім, бұл сома көптен бері армандаған үйді алуға немесе күрделі ота жасауға жиналған болар, бірақ алаяқтар мұндайға бас қатырмайды.
Бүгінгі таңда смартфонды тек жастар ғана емес, қариялар да ұстайды. Олар интернеттің қауіпті екенін қайдан білсін?! Байқаусызда бір сайтқа кіріп, бар ақшасынан айырылып, сан соққан зейнеткерлер жайында да естідік.
Алаяқтардың жиі қолданатын тағы бір “сүйікті” амалы – өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстыру. Олар өз құрбандарына қоңырау шалып, шотына шабуыл жасалғанын хабарлайды. Сол себептен тексеру жүргізген кейіп танытып, азаматтардың жеке дерегін, олардың шотында сақталған қаржының сомасын біліп алады. Осылайша, сенімге кіріп, телефонға келетін құпия кодты жіберуді сұрайды.
Әлеуметтік желілерде жаңа техникаларды сату да алаяқтардың жиі қолданатын әдісіне айналып барады. Мәселен, қаскөйлер жалған парақшаның көмегімен “iPhone” смартфонының түрлі маркасын нарықтық құнынан төмен бағамен ұсынады. Олар телефонның жаңа екенін, жақында сатып алынғанын немесе сыйлық ретінде берілгенін, бірақ шұғыл ақша қажеттігін, сондықтан арзан бағаға сатуға мәжбүр болып отырғанын айтады. Ал төлемді қабылдаған соң олар із-түзсіз жоғалып, қоңыраулар мен SMS-хабарламаға жауап бермей қояды. Тіпті, алданған құрбанын бұғаттап тастайды. Мысалы, жуырда 40 жастағы петропавлдық интернет арқылы “Hyundai Sonata” автокөлігін сатып алмақ болып, сатушының ұсынысымен алдын ала 500 мың теңге төлем жасаған. Зардап шегушінің айтуынша, “сатушы” оған психологиялық тәсілді қолданып, әйелінің еміне шұғыл қаражат қажеттігін жеткізген, сол үшін алдын ала төлем жасауды сұраған. Ақша қолына түсісімен-ақ алаяқ байланысқа шықпай қойыпты. Мұндай мысалдар жетіп артылады.
Қылмыстық кодексте (177-бап) “алаяқтық” – бөтеннің мүлкін ұрлау немесе сенімге қиянат жасау арқылы мүлікті алдап алу” деген түсінік берілген. Яғни, қаскөйлер үшін бастысы – адамның сеніміне кіру. Банктік шаралардың қалай жүргізілетінінен хабарсыз, интернетті жақсы меңгермеген жандар – олардың басты нысанасы. Сондықтан банкке барып сауат ашып, не болмаса газет бетінен алаяқтыққа қатысты мақалаларды мұқият оқып отырғанымыз жөн. Төлем картасына қатысты алаяқтықтан қорғанудың жалғыз амалы – кәдімгі қауіпсіздік ережесін ұстану. Банк қызметкерлері өз клиенттеріне картаға мұқият болуын қадап айтып, оны өзге адамға берме, қараусыз қалдырма, пин-кодыңды ешкімге жария етіп айта көрме деп қиылып өтініп жатады. Интернет-алаяқтық фактілеріне назар салсақ, бұл ескертуге құлақ асып жатқандар шамалы. Бейқамдыққа бой алдырып, аңғалдыққа ұрынған адамдарды интернеттегі алаяқтар иіріміне тартып барады. Арам ойлылардың арбауына түскен аңғал жандар ақшасынан айырылып, қарызға белшесінен батса да, бұдан сабақ алар емес.
Дархан ҚАЙЫРЖАН,
М.Қозыбаев атындағы
СҚУ-дің студенті.