«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕКПЕ-ЖЕК КЛУБЫ АШЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде ережесіз жекпе-жек шеберлерін даярлайтын, республикалық деңгейде өткізілетін түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін “Қызылжар жауынгері” атты көпсалалы спорт клубы құрылды.

2015 жылы Петропавлдағы бокс мекте­бінде алғаш рет ережесіз жекпе-жектен әуес­қойлар арасында “MMA” (MixedMartialArts) бойынша қала біріншілігі өткен болатын. Спорттық шарада джиу-джицу, муай тай, панкратион секілді спорт түрлерін серік еткен жігіттер қатысып, 65 және 93 килограмм салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетті. Осылайша, солтүстікқазақстандықтардың ара­сында бірте-бірте бұл бағыттың таны­малдығы арта түсті.
Жаңадан ашылған клубта жиырмадан ас­там адам жаттығуда. Дені – жасөспірімдер мен жастар. Олар білікті бапкерлердің же­текшілігімен бокс, жекпе-жек, “ММА” және кикбокстың қыр-сырын меңгеруде.
– Клубтың негізгі бағыты – жауынгерлік жек­пе-жек түрлері бойынша даярлау. Мақ­сатымыз пайда тауып, атағымызды шығару емес. Жаттықтырушылар құрамы негізінен есімдері облысқа танымал спорт майталман­дарынан жасақталған. Біз үшін жастардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, дендерінің сау болуына қол ұшы­мызды беру маңызды. Өз ісімізді дамытып, жақсы шәкірт тәрбиелеп, клубымыздың та­нымалдығын арттыруға ниет етіп отырмыз, – дейді спорт клубының жетекшісі Жалғас Тор­тулов.
Клуб “Қызылжар” қонақүйінің бірінші қаба­тын­да орналасқан. Залдың жалпы аумағы 210 шаршы метрді құрайды. Келушілердің емін-еркін жаттығуына қажетті құрал-сай­мандар мен спорттық жабдықтар Алматы қа­ласынан сатып алынған. Мұнда спорт­шы­ларға барлық жағдай жасалғанын атап айт­қан жөн. Киім ауыстыратын орын, екі душ ка­бинасы және монша бар. Бапкерлікке үш тә­жірибелі спортшы тартылған. Жалғас Тор­тулов мен Наурызбай Кеулімжаев жастарды бокс пен MMA бойынша жаттықтырса, Рауан Смағұлов пен Аслан Шүкенов кикбоксқа бау­лиды. Өз ісінің білгірлері – спортта дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мек­теп-интернатының түлектері.
Бүгіндері клубқа 6-13 жас аралығындағы жасөспірімдер мен ересектер қабылдануда. Жаттығулар аптасына үш рет, сағат 11:00-12:30 және 19:30-21:00 аралықтарында өте­ді. Спорт клубының жаттықтырушылары әр келушінің жаттығуына арналған екі сағаттық бағдарлама жасайды. Жаттықтыру­шылар­дың бірі Аслан Шүкенов тәжірибесімен бө­лісу мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты еке­нін жеткізді.
– Спорттық клубты ашу үшін біраз күш жұм­салды. Алдағы уақытта грэпплинг пен еркін күресті қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, қыздарға арналған топ құру да ойы­мызда бар. Кәсіпқой деңгейде жаттыққан спорт­шылар күндердің күнінде “MMA”, “NFC”, “ACB”, “ACA” және “UFC” тур­нир­ле­рінде бақтарын сынайды деп үміттенеміз. Өңірде жекпе-жектің дамуына аз да болсын өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді жат­тықтырушы.
Бір атап өтерлігі, көпбалалы және аз қам­тылған отбасынан шыққан жеткіншектерге де әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp