Өңірімізде ережесіз жекпе-жек шеберлерін даярлайтын, республикалық деңгейде өткізілетін түрлі жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін “Қызылжар жауынгері” атты көпсалалы спорт клубы құрылды.
2015 жылы Петропавлдағы бокс мектебінде алғаш рет ережесіз жекпе-жектен әуесқойлар арасында “MMA” (MixedMartialArts) бойынша қала біріншілігі өткен болатын. Спорттық шарада джиу-джицу, муай тай, панкратион секілді спорт түрлерін серік еткен жігіттер қатысып, 65 және 93 килограмм салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетті. Осылайша, солтүстікқазақстандықтардың арасында бірте-бірте бұл бағыттың танымалдығы арта түсті.
Жаңадан ашылған клубта жиырмадан астам адам жаттығуда. Дені – жасөспірімдер мен жастар. Олар білікті бапкерлердің жетекшілігімен бокс, жекпе-жек, “ММА” және кикбокстың қыр-сырын меңгеруде.
– Клубтың негізгі бағыты – жауынгерлік жекпе-жек түрлері бойынша даярлау. Мақсатымыз пайда тауып, атағымызды шығару емес. Жаттықтырушылар құрамы негізінен есімдері облысқа танымал спорт майталмандарынан жасақталған. Біз үшін жастардың саламатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, дендерінің сау болуына қол ұшымызды беру маңызды. Өз ісімізді дамытып, жақсы шәкірт тәрбиелеп, клубымыздың танымалдығын арттыруға ниет етіп отырмыз, – дейді спорт клубының жетекшісі Жалғас Тортулов.
Клуб “Қызылжар” қонақүйінің бірінші қабатында орналасқан. Залдың жалпы аумағы 210 шаршы метрді құрайды. Келушілердің емін-еркін жаттығуына қажетті құрал-саймандар мен спорттық жабдықтар Алматы қаласынан сатып алынған. Мұнда спортшыларға барлық жағдай жасалғанын атап айтқан жөн. Киім ауыстыратын орын, екі душ кабинасы және монша бар. Бапкерлікке үш тәжірибелі спортшы тартылған. Жалғас Тортулов мен Наурызбай Кеулімжаев жастарды бокс пен MMA бойынша жаттықтырса, Рауан Смағұлов пен Аслан Шүкенов кикбоксқа баулиды. Өз ісінің білгірлері – спортта дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-интернатының түлектері.
Бүгіндері клубқа 6-13 жас аралығындағы жасөспірімдер мен ересектер қабылдануда. Жаттығулар аптасына үш рет, сағат 11:00-12:30 және 19:30-21:00 аралықтарында өтеді. Спорт клубының жаттықтырушылары әр келушінің жаттығуына арналған екі сағаттық бағдарлама жасайды. Жаттықтырушылардың бірі Аслан Шүкенов тәжірибесімен бөлісу мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Спорттық клубты ашу үшін біраз күш жұмсалды. Алдағы уақытта грэпплинг пен еркін күресті қосуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, қыздарға арналған топ құру да ойымызда бар. Кәсіпқой деңгейде жаттыққан спортшылар күндердің күнінде “MMA”, “NFC”, “ACB”, “ACA” және “UFC” турнирлерінде бақтарын сынайды деп үміттенеміз. Өңірде жекпе-жектің дамуына аз да болсын өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді жаттықтырушы.
Бір атап өтерлігі, көпбалалы және аз қамтылған отбасынан шыққан жеткіншектерге де әртүрлі жеңілдіктер қарастырылған.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.