«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АБЫЛАЙ ХАННЫҢ СЕНІМДІ СЕРІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі – Құлеке батырдың туғанына биыл – 311 жыл. Жуырда «Абылай хан резиденциясы» мұражай-кешенінде зиялы қауым өкілдерінің, ғалымдар мен тарихшылардың қатысуымен «Қос батырдың бірі – Құлеке» тақырыбында онлайн-шара өтті. Ол жерлес жауынгерді еске алумен қатар тарихымыздың баға жетпес қазынасын, қазақ батырларының ерлікті істерін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

     1710 жылы дүниеге келген батыр бабамыз – халық арасында Шал ақын деп аталып кеткен Тілеуке Құлекеұлының әкесі. Бұған қоса Құлеке өз заманында Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі ретінде танылған. Бірнеше тіл меңгерген жерлесіміз кезінде Қытай мен Ресей елдерінің өкілдерімен тығыз байланыста болып, жаумен күресте де шеберлігімен көзге түскен. Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Кәкімбек Салықов бір еңбегінде батыр жайлы былай деп жазған екен: «Құлеке – жаудан жаны шайлықпас батыр да, дауда орыс, қазақты таңдантқан орақ тiлдi шешен, байыпты туған саясаткер де болып өткен дарабоз. Ол Абылай ханның жалаңтөс батыры ғана емес, ең сенiмдi елшiсi болып қызмет еткен, өз заманының сауатты да, салауатты озық туған шын мәнiндегi зор қайраткерi».
Шараға онлайн қатысқан еліміздің танымал азаматтары батыр бабамыздың осы қасиеттерін тілге тиек етіп, шайқастардағы ерлікті істерін тағы бір мәрте еске түсірді. Ұлттық ғылым академиясының академигі Аманжол Қошанов, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Хамит Біржанов сынды азаматтар танымал тұлғаның өмірі мен жауынгерлік жолына кеңінен тоқталып, бүгінде батырдың есімін жас ұрпақ арасында насихаттау жолында нендей шаралар атқарылғанын сөз етті.

Гүлбике КУБЕНОВА,
«Солтүстік Қазақстан».

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp