Елімізде спортты дамытуға екпін берілуде. Жаңа клубтар құрылып, көптеген спорт нысандары салынды. Осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты десем артық болмас. Соның ішінде мемлекет тарапынан ерекше қолдауды сезінген спорт түрлерінің бірі – велоспорт. Спортшыларымыз әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғауда.
Өз басым алғашқы ірі жарысқа 1997 жылы Францияның “Казино” велокомандасының құрамында қатысқан едім. Кейін “Четыре дня Дюнкерка” және “Dauphiné Libéré” велокөпкүндіктерінде жоғары нәтиже көрсетіп, “T-Mobile” клубына ауыстым. Сол жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі туды. Сәтті өнер көрсетіп, күміс медальға ие болдым. Әрине, бұл да үлкен жетістік. Дегенмен, менің басты мақсатым – Олимпиада чемпионы атанып, Қазақстанның атын барша әлемге таныту еді.
Бұл мақсатқа жету жолында “Astana Pro Team” велокомандасының көмегі көп болды. Тұңғыш президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен құрылған клуб мен сияқты көптеген спортшыға даңғыл жол ашты. Команда мүшелері әр жылдары “Tour de France” және “Vuelta a España” велокөпкүндіктерінде бақ сынады. Әрине, бірден үздіктердің қатарынан көріне алмасақ та, бәсекелестік таныта білдік.
Бүгінгі таңда “Astana Pro Team” – үздіктер мектебі. Команда мүшелерінің әлемдік, құрлықтық, ел ішінде өткен жарыстарда жеткен жетістіктерін түгел тізіп шығудың өзі бірсыпыра уақыт алады. Команда сапында осал спортшы жоқ. Командадағы жастарға тоқталар болсақ, қызылжарлық Алексей Луценко, Жандос Бижігітов, Артем Захаров және Руслан Тілеубаев сияқты спортшылардың болашағы зор. Олардың барлығы Петропавлдағы спорт мектебінің түлектері.
Бүгінгі таңда велоспорт еліміздің әр облысында жақсы дамуда. Соның ішінде солтүстікқазақстандық саңлақтардың жетістіктері бір төбе. Жергілікті велоспорт мектебінің жанында құрылған команда әлемдік және құрлықтық сайыстарда сәтті өнер көрсетуде. Жеткіншектердің велоспортқа деген қызығушылықтары артқан сайын бәсекелестік орта қалыптасады. Қызылжар өңірінде спорт нысандарының көптеп бой көтеріп, балалардың жастайынан спортпен айналасуына жағдай жасалып отырғанына қуаныштымын.
Еліміз Тәуелсіздік алған 30 жылда талай саңлақтың жұлдызы жанды. Алдағы уақытта да солтүстікқазақстандық велоспортшылардың арасынан Олимпиада чемпионы шығатынына сенімдімін. Ол үшін ізбасарларыма залда ерінбей, көп еңбектенуге кеңес беремін. Сонда ғана үлкен нәтижеге қол жеткізуге болады. Себебі, залда шүмектеп төгілген тер ертең-ақ спортшыны Олимп шыңына алып шығады.
Александр ВИНОКУРОВ,
Лондон Олимпиадасының чемпионы,
“Astana Pro Team” велокомандасының
бас менеджері.