«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БӘСЕКЕЛЕСТІК БӘСІ – БІЛІМДЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі” атты халыққа арнаған Жолдауында оқушылар мен студенттерге қолжетімді әрі сапалы білім берудің басты міндеттерін анықтап берді. Азаматтардың сауаттылығы мен цифрлық біліктілігін арттыру мақсатында Үкіметке “Үздіксіз білім беру тұжырымдамасын” әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ, кәсіби білім берудің барлық жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптасты­руға бағыттауға, кәсіпкерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге басымдық беріледі. Мұның өзі елімізде кезең-кезеңмен атқары­лып жатқан білім саласындағы іс-шаралардың зор әлеуеті мен мол мүмкіндіктерін аңғартады.

Жаһандану заманында интелек­туалды азамат тұлғасын қалыптастыру жүзеге асырылатын міндеттер негізінде жастардың дүниетанымын өзгертіп, жаңаша ойлау қабілетін арттырумен, білімге деген құштарлығын оятып, отансүйгіштік қасиетін одан әрі дамытумен бірге бәсекелестік қарым-қабілетін ел экономикасын, мәдениетін алға тартатын күш ретінде орнықтыруға да байланысты. Бүгінгі таңда өскелең ұрпаққа азаматтық тәрбие мен сапалы білім беруде маңызды идеологиялық талаптардың бірі – оқушы­ларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу, яғни қазақ ұлты мен өзге этностар тату-тәтті бірлікте өмір сүретін қарашаңырағымызды біздің Отанымыз екенін жете ұғындырып отыру. Бұл түсініктің мағынасы кең. Елімізде тұратын әрбір жас азамат өзінің қай ұлттан шыққанына қарамастан, өзі туып-өскен Отанын – Қазақстанды құрметтеуге міндетті. Әсіресе, мемлекетіміздің рәміздері –Туын, Елтаңбасын, Әнұранын қастерлеуге үйретудің тәрбиелік маңызы ерекше. Қоғам мүшелерінің саяси мәдениеті жоғары болған сайын тәуелсіз мемлекеттің өсіп, өркендеуі де сана­лы, қарқынды жүргізілетіні даусыз. Сондықтан, қазақ мектептерінде оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруда ұлт тұлғалары мен мақтаныштарының халыққа сіңірген өлшеусіз істері мен өмір жолдарын, даналық ойларын оқып-үйренуді ұрпақ тәрбиесіне жүйелі түрде енгізіп, зердеге құя білудің пайдасы ұшан-теңіз. Жаһандану жағдайында ұлттық білім беру мәселесі оның дамуы және интеграциялануының барысында жастар тәрбиесі ұлттық құндылықтармен, мәдениетарлық байланыс тіл, діл ұлттық байлықпен әр кез толықтырып, мазмұндық, сапалық жағынан жаңғыртып отыруды қажет етеді.
Отандық және шетелдік зерттеушілердің айтуларынша, жаһандану жағдайында өмір сүретін болашақтың адамы ерекше құзыреттілікке ие болуы керек. Атап айтқанда, өзара ынтымақтастық, мотивациялық факторларды алғышарт ретінде пайдалану, кез келген ортада шыдамды, тілдерге бейім, азаматтық борышы мықты болу қасиеттері айрықша талап етіледі. Ұлттық білім беру жүйелерінің дамуы мен интеграциялануының мақсаты жастарға берілер білімнің мазмұнын ұлттық құндылықтармен, мәдениетаралық түсінік – пайыммен, ақпараттық жетістіктермен, тілдік (ана тілі мен шетел тілі) байлықпен толықтыру десек, білім негізі мектепте қаланары даусыз. Осы орайда, орта мектептер білім экономикасы­ның өзегі ретінде қарастырылып, ел инновациялық дамуының қозғаушы күшіне айналуы шарт. Сондықтан мектептерде білім беру жүйелелері неғұрлым таза, серпінді, шығармашыл, толыққанды болса, білім сапасы да соғұрлым бәсекелестік қарым-қабілетке жауап берері анық. Ғалымдар алдағы уақытта заман талабына сай білімді әлемдік деңгейге жеткізудің бірден-бір жолы инно­вациялық қызмет екенін айтып отыр. Әр ұстаздың оқу мазмұнын байытуы, жеке шығармашылығын дамытуы, кәсіби шеберлігін шыңдап, озық технологияны жетік меңгеруі, күнделікті сабағына жаңашыл әдіс-тәсілдерді ұтымды пайдалана отырып, тыңғылықты дайындалуы тәуелсіз елдің білімді ұрпағын тәрбиелеу мәселесінде басты рөл атқарады. Топтық ойындар, тірек сигналдары, модульдік тестік жүйе, интерактивтік, оқытудың компьютерлік секілді заман талабымен үндес ғылыми-техникалық біліміне ұмтылыс ұстаз беделін арттырып, тұлғасын тұлғаландыра түседі.
Жаhандану үрдісі кезіндегі өркениетті мемлекет білім беру жүйелерінің ауқымы, дамуы мен интеграциялануы, бәсекеге қабілеттілігі оның ғылыми әлеуетімен өлшенеді. Осы мәселе бойынша Қазақстанның білім саласының ішкі-сыртқы әлеуетін ұлтымыздың нанотехнологиясы мен және биотехнологиясына сай ырғақты дамыту міндеті туындайды.
Шетел тәжірбиелеріне сүйенсек, оқу процесін ұйымдастыру білім басқару жүйесінің орталық тізбегі болып саналады. Бұл мектепке дейінгі, бастауыш, орта, арнаулы, жоғары, жоғарыдан кейінгі білім жүйесіне тікелей қатысты. Қазақстандық білім беру саласы әлемдік аренаға тереңдеп енген сайын сапа баспалдақтарымен жоғары өрлеп, икемділік және академиялық ұтқырлықпен кірігіп кетсе, абыройлы іске айналар еді Болон деклорациясына қол қойған кез келген еуропалық елдің білім беру жүйесі бірінші кезекте ұлттық тарихи, мәдени, рухани құндылықтарына, ана тілі сүйіспеншілігі мен құрмет сезіміне сүйенеді. Яғни, олардың білім беру жүйесі елінің, жерінің нағыз патриоттарын қалыптастыруға негізделген. Қазақ өркениеті үшін ұлттық архитиптерді сақтай отырып, әлемдік өркениет құндылықтарымен үйлестірудің маңызы зор. Бүгінгідей ұшқыр уақыт үрдісінде мәдени төмендеуге ұшырататын көптеген діндік, ділдік ықпалында қалып қою қаупі жоқ емес. Қазіргі мектеп бағыты жеке тұлғаны қалыптасуына жан-жақты ықпал жасайтын ашық әлеммен мәндес десек, білім берудің ұлттық үлгісі жұтылып кетуі мүмкін. Осы себепті оқу мен ғылымды, оқушылар мен мұғалімдердің еңбегі ой елегінен өткізуді уақыттың өзі ұсынып отыр. Бұл жайттар жедел өзгермелі қоғамда полимәдениетті, көпұлтты әрі поликонфессионалды кеңістікке араласуға дайын, қа­білетті тұлғаның дамуына бағытталған білім беру мен тәрбиелеу мазмұнын қайта қарауды талап етеді. Қалай болғанның өзінде жастарды отансүйгіштік пен ұлтжандылыққа тәрбиелеу негізгі өзек саналуы керек. Мәселен, ұлтымыздың ұлы адамдарының үлгі-өнегесі негізінде, жастарды тәрбиелей алсақ, мақсатымыздың орындалғаны. Онда болашағымыз берік, мықты болары сөзсіз.
Кей жағдайда жастар тәрбиесінде халықтық педагогиканың зор мүмкіндіктері, пайдалы әдіс-тәсілдері шеберлікпен қолданыла бермейді. Әр нәрсеге еліктегіш келетін жастарды батыстың бейресми мәдениетінен, моральдық жаман ғадеттерінен аман сақтап қалудың бірден-бір жолы – ұлтымыздың тарихы мен халықтық педагогикасына басты назар аудару. Осы орайда, қазақ халқының біртуар ұлдарының өмірі мен шығармашылығы рухында жас жеткіншектердің бойына отансүйгіш қасиеттерді ұялатудың мәні айрықша.
Мемлекеттің “Білім беруді дамыту бағдарламасында”: “бүгінгі білім берудегі басты мақсат – тек білім, біліктілік, дағдылар жүйесі ғана емес, осы білімді өмірде қолдана алу, өз бетімен білім алу, өзгерістер заманында тиімді өмір сүріп, жұмыс істеу дағдыларын дамыту”, – деп айқын жазылған. Осы ретте білім беру мекемелері жаңа білім сапасына сай мемлекеттік сұраныс пен тапсырысты талапқа сай жүргізуі тиіс. Мұғалімдердің әдістемелік шығармашылығын дамытуды педагог-мамандардың біліктілігін жетілдіру жүйесінде ұйымдастыруды тәжірибеге енгізген абзал. Оның сапасы алған таным мен тәжірибе арқылы айқын бағаланады.
Ойымызды түйіндейтін болсақ, жаһандану дәуірінде батыс мәдени құндылықтарының басымдық танытуы жергілікті халықтың байырғы төлтумалық сипатының жоғалуына соқтыруы әбден ықтимал. Өйткені, өткен ғасырдың орта кезінен қоғамдық өмірге дендеп ене бастаған өркениеті бәсекелестікті ушықтырып, экономикада, саясатта, идеологияда, мәдениетте, білімде, ақпаратта, технологияда, тағы басқа салаларда үстемдікке ие бола бастады. Әрине, батыстың білімі, ғылымы, техникасы, технологиясы қажет. Бірақ ол өркениеттің зиянды жағы да жетіп артылады. Қоршаған ортаға тек пайда табу көзі деп қарауға үйретуі технологиялық тұрғыдан бөлшектеп сату түрінде түсіндіруі үлгі бола алмайды. Сондықтан, шамадан тыс еліктеушіліктің ақыры жақсылыққа соқтырмайды. Үш тілді жетік меңгерген, Тәуелсіз Қазақстанның жас интелектуалды элитасы, яғни “Болашақ” бағдарламасы арқылы білім алған жастар экономиканы жеделдете жаңғыртуға белсене атсалысып, бүгінгі бәсеке заманының талабына сай ізденіс танытары анық.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында, Қазақстанның білім парадигмасы түбегейлі өзгеріс тауып, әлемдік стандарттарға сай білім беру саты­сына көтеріледі деген сенімдеміз. Президенттің “Тек қана білімді ел ғана ұлы көш жарысында артта қалмай, өркениетпен қатар бола алады”, – деген сөзі қанаттанды­рады.

Сабыр СЕҢКІБАЕВ,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp