«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕКПЕ ЕГУДІҢ ЕКІНШІ КЕЗЕҢІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Облысымызда коронавирус инфекциясына қарсы екпе егудің 2-ші кезеңі басталды. Бұған дейін препараттың алғашқы дозасын алған 1200 азамат кезекпен егу кабинеттеріне жүгінуде. Олардың қатарында бас санитар дәрігер Әсет Жұматаев пен облыстық полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев та бар. Алдағы уақытта өңіріміздің 1 мыңнан астам тұрғыны да індетке қарсы екпе алмақ.

      Бірнеше күннен бері облысымыз жасыл аймаққа өтіп, шектеу шаралары біршама жеңілдетілді. Өңір бойынша коронавирус инфекциясына шалдыққандар қатары да айтарлықтай азайды. Мәселен, осы күндері бір тәулікте КВИ жұқтырған 38 адам тіркелсе, оның 24-інде ауру белгілері болған. Ал сырқатынан толығымен айыққандар саны 11 мыңнан асты.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуынша, өңір тұрғындарына қойылып жатқан «Спутник В» КВИ-мен қатар өзге де жұқпалы ауруларға қарсы тұра алатын қасиетке ие. Ол, біріншіден, адам ағзасына қауіпсіз болып саналады. Сондықтан тұрғындар екпе алудан бас тартпағаны жөн дейді дәрігер.
Мамандар да аталмыш вакцинаның тиімділігі 95 пайызды құрайтынын айтып отыр. Яғни, коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алған адамның ағзасы індетке толыққанды төтеп бере алады. Бүгінде «Спутник V» алғашқы 1200 адамға, яғни медицина қызметкері мен санитариялық бақылау департаменті қызметкерлеріне қойылды. Енді наурыз айының басында өңірімізге қосымша 2800 доза әкелінбек. Бұл партия тәртіп сақшылары мен педагогтарға және екпе салдыруға ниет білдірген өңір тұрғындарына егілмек. Бұл жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов былай деп ақпарат берді: «Өткен сенбі күні емдеу мекемелеріне қосымша 1200 вакцина әкелінді. Біз, медицина қызметкерлері, оның бірінші дозасын 1 ақпан күні алған болатынбыз. Енді екінші компонентін бүгін қойдырмақпыз. Вакцина адам ағзасына ауыр болмасы үшін екі кезеңге бөлінді. Алғаш рет алғанда өзімді нашар сезінген жоқпын. Тек кез келген екпеден кейінгідей бұлшық еттерім ауырып, әлсіздік байқалды».
Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының сөзінше, облыс тұрғындарының 60 пайызы індетке қарсы вакцина алған жағдайда қалыпты өмірге оралып, қауіптің беті сейілуі әбден мүмкін. Алғашқы уақытқа қарағанда соңғы кездері облыс тұрғындары арасында екпе ектіруге деген сұраныс артқан көрінеді.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
облыстық денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.  

Сурет: https://rg.ru/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp