Соңғы күндері өңірімізде ауа райының күрт нашарлауына байланысты барлық бағыттағы тасжолдар жабылды. Сондай-ақ, тұрғындарға алыс жолға шықпау қажеттігі туралы ақпарат “Дармен” қосымшасы және “SMS”-хабарламалар арқылы таратылды. Алайда, ескертулерді елемегендер табылып отыр. Боранды күндері қар құрсауынан 55 техника шығарылып, 145 адам құтқарылды. Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Ведомство бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, соңғы күндері орын алған боранға байланысты төтенше жағдай, жергілікті полиция және коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері күшейтілген жұмыс режіміне көшті. Арнайы жедел штаб құрылып, “тікелей желі” іске қосылды. Небәрі бір тәуліктің ішінде 112 нөміріне өңір тұрғындарынан 3650 қоңырау түскен. Олардың басым бөлігі қар құрсауынан құтқаруды өтінген.
– Дауыл кезінде бес солтүстікқазақстандықтың жоғалып кеткені туралы хабар түсті. Іздеу шаралары барысында олардың үшеуі табылса, тағы екеуінің орналасқан жері анықталды. Құтқарылған ер адамдарға медициналық және психологиялық көмек көрсетілген соң үйлеріне жеткізілді. Абырой болғанда, 2003 жылы туған жасөспірім мен Аққайың ауданындағы Власовка ауылынан үш шақырымға алыстап кеткен 50 жастағы тұрғын құтқарылды. Ал Тайынша ауданының бір тұрғыны мал іздеймін деп сыртқа шыққан. Боранда үйін таба алмай қалған 1962 жылғы ер адам үйіне келесі күні өзі келді. Тағы екі бақташыны іздестіру жұмыстары жалғастырылуда, – дейді департамент өкілі.
Сондай-ақ, көтерілген дауыл электр сымдарын үзіп, 9 ауданның 18 елді мекеніндегі 4300 тұрғынды жарықсыз қалдырды. Әзірге, тек Уәлиханов ауданындағы 753 үйдің иесіне қуат көзі қайта берілді. Ауа райына байланысты бірқатар бағыттар бойынша көлік қозғалысы тоқтатылып, Жамбыл ауданындағы Пресновка ауылының бекетінде – 9, Тайыншадағы Келлеровкада 47 көлік аялдап тұр. Бүгіндері облыстық маңызға ие тасжолдардың бойына 129 техника тартылып, кезекшілікке 223 адам жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары солтүстікқазақстандықтарды алыс-жақын сапарларға уақытша шықпай тұруға кеңес береді. Оқыс оқиға орын алған жағдайда 112 нөмірінен түскен хабарламаларды назарға алып жүру керек екенін ескертеді.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.