«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өсім төмендемеуі тиіс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің отырысы өтіп, екі мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбеков баяндама жасап, қаңтар айындағы облыстың әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындылары жайлы айтып берді.

Өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарағанда негізгі капиталға салынған инвестиция – 9,9, құрылыс жұмыстарының көлемі – 9,5, тұрғын үй салу – 6,7, өнеркәсіп өндірісі 1,2 пайызға ұлғайып, оң динамика сақталды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы – 1,2, бөлшек сауда 8,9 пайызға төмендеді. Өнеркәсіпте 22,4 млрд. теңгенің тауарлары шығарылды. Сумен жабдықтау жақсарғанымен, электр энергиясын өндіру кеміген. Петропавл қаласы, Тайынша, Мамлют, Қызылжар аудандарында өнеркәсіптің өсу деңгейі сақталса, 8 ауданда азайып кеткен.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру 11,4 млрд. теңгені құрап, 1,2 пайызға кеміді. Мал шаруашылығында 7 пайыз өсім бар. Қоғамдық мал басы өскенімен, құстың саны – 29,8 пайызға, оның ішінде Қызылжар ауданында 60 пайызға құлдыраған. Негізгі экономикаға құйылған 7,3 млрд. теңге инвестицияның 59 пайызы кәсіпорындарға тиесілі. Қомақты қаржының көп бөлігі агроөнеркәсіп кешеніне бағытталды. Соның ішінде жеке инвестицияның көлемі – 4 млрд.теңге. Екі мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған. «Еңбек» бағдарламасымен бір мыңға жуық адам қамтылған.
– Осы жылдың бірінші айының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қарап белгілі қорытынды шығаруға болады. Қол жеткен табысты місе тұтпай, экономикалық өсімді одан әрі жалғастыратын боламыз. Ол үшін қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер жеткілікті. Бес жылға ұзартылған кешенді жоспардың арқасында алдағы межемізді нақты белгіледік. Қосымша қаржы бөлінеді, – деді Құмар Іргебайұлы өз сөзінде.
Кешенді бағдарламалар аясында 52 бордақылау алаңдары мен тауарлы-сүт фермалары салынады. Өнеркәсіп саласында 10 өндіріс ошағы тұрғызылады. Ауыл тұрғындарын мазалап отырған сумен жабдықтау және жолдың сапасы тұрақты назарға алынады. Өнеркәсіп, құрылыс секілді басты салалар бойынша өсім болғанымен, ауыл шаруашылығында қарқын бәсеңдеп қалған сықылды. Оның бір себебі құс еті мен жұмыртқа өндірісінің кеміп кетуімен байланысты. Былтырғы құс тұмауы көрсеткіштердің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Әсіресе, Қызылжар ауданы аумағында орналасқан құс фабрикалары біраз залал шекті. Мемлекет есебінен 960 млн. теңге өтемақы төленді. Енді осы олқылықтың орнын тез арада толтыру мақсатымен жоспарланған 1,2 млн. мекиеннің 540 мыңы сатып алынды. Жағдайды қысқа мерзім ішінде түзетіп, жергілікті нарықты жұмыртқа өнімімен толық қамтамасыз ету қажет.
Құмар Іргебайұлы облыс бойынша ет өндіру – 7, сүт өндіру 10,6 пайызға ұлғайғанымен, жекелеген аудандар өз әлеуетін толық пайдаданбай отырғанын атап көрсетті. Былтыр Ақжар ауданында алғашқы мал бордақылау алаңы ашылды. Ондағы семіртуге қойылған 300 бас ірі қараны 800-ге дейін жеткізу керек. Ауыл шаруашылығы саласын жандандырудың барлық тетіктері аумақтық кешенді жоспарда жете ойластырылған. Өзге өңірлерде баламасы жоқ ауқымды бағдарлама «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Жылына кемі 10 ферма салуды қалыпты дәстүрге айналдыру керек. Былтыр «Солтүстік» ӘКК арқылы 200 млн. теңгеге дейін жеңілдікті несие берілсе, биыл оның мөлшері үш есеге дейін көбейтілді. Ірі шаруашылықтардың бір млрд. теңгеге дейін несие алу мүмкіндігі қарастырылған. Фермалардың құрылыс-монтаж жұмыстарының 50 пайызы субсидияланады. Құрал-жабдықтар алған жағдайда 25 пайыз шығыны мемлекет есебінен өтеледі. Келешекте жыл сайын бір млн.тонна сүт өнімін өндіру міндеті тұр. Бұл – орындалатын меже. Алайда, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарының бұл бағыттағы жұмыстары сын көтермейді.
Құрылыс саласында да қарқын бар. Жыл аяғына дейін 340 мың шаршы метр тұрғын үй салынады немесе 3700 пәтер пайдалануға беріледі. Компаниялар былтыр 6 млрд. теңгенің құрылыс-монтаж жұмыстарын атқарды. Олардың қатарына жекелеген құрылыс ұйымдарын тарту, сондай-ақ кәсіби құрылысшы мамандарын әзірлеу керек. Өткен жылы өнеркәсіп өсімі негізінен өңдеуші кәсіпорындар есебінен өтелсе, алда тапсырыс көлемі 55 млрд. теңгені құрамақ. «ЗИКСТО», «Киров атындағы зауыт» өндіріс ауқымын ұлғайтпақ.
Екінші мәселе бойынша қаржы басқармасының жетекшісі Наталья Дышкант баяндама жасап, облыс бюджетінің кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы жайлы есеп берді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltüstık Qazaqstan». 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp