«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Азаттық айбары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

1991 жылдан бергі отыз жыл уақыт көзді ашып-жұмғандай өте шықты. Қазақстан Республикасы осы 30 жылдың үдесінде әлемге үлгі боларлық жасампаздық жолынан өтті. Ел ішіндегі берекелі, бейбіт тұрмыс, түрлі этностардың рухани келісімі, тату-тәтті бірлік қандай ғанибет?! Мұның бәрі – өрлеген өндірістің, әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың жемісі.

Мен 1994 жылдың 14 қыркүйегінде Петропавлдағы қазіргі спортқа дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатына директор болып тағайындалған едім. Бұл оқу орны бір кездері қатардағы мектептердің бірі еді. Осында облыс, ел намысын қорғайтын жеткіншектерді спортқа баулып, шыңдағым келді. Бұл мәселе алғаш қозғалғанда бірден қолдау тауып кете қоймады. Осындай күндердің бірінде қалалық қазақ классикалық гимназиясы шаңырақ көтеретін болып, мен осы салтанат үстінде мектепті ашқан Елбасының алдында өнер көрсетуге бірнеше жас балуандарды алып бардым. Жастардың өнері көңілінен шықты білем, Нұрсұлтан Әбішұлы оларға: “Өркендерің өссін!”, “Елдің даңқын асыратын биіктерге жетіңдер!” – деген ақ батасын берді, сол сәтте орайын тауып, мектебімізді спорттық бағытқа бейімдеу жөніндегі ойымды жеткіздім. Елбасы бұл ұсынысымның орынды екенін құптады. 1997 жылы мектеп-интернат спортқа дарынды балалардың оқу орны мәртебесін иеленді. Осылайша, спорттың жастар арасында өркендеуіне даңғыл жол ашылды. Мұнда тек балуандарды баулумен шектелмей, шаңғышыларды, велошабандоздарды, конькишілерді, жеңіл атлетшілерді даярлауды ойластырдық. Оның үстіне біз республикадағы осы бағыттағы санаулы оқу орындарының бірі болғандықтан, еліміздің өзге өңірлерінен, мысалы, Ақтөбеден, Қарағандыдан және басқа да қалалардан балалар ынта білдіре бастады. “Көш жүре түзеледі” дегендей, уақыт өте келе ісіміз жүйесін тауып, жаттығу залдарын кеңейтіп, оларды қажетті құралдармен жабдықтай бастадық. Өзімнің жетекшілігіммен бұл оқу орны содан бері өңіріміз бен еліміздің спортын әлемге танытқан біршоғыр үздік спортшыларды қанаттандырып шығарды. Осы жерде 2009 жылға дейін 15 жыл директор болғанымда грек-рим күресінен, бокс­тан, армрестлингтен, конькимен жүгі­ру­ден, жеңіл атлетикадан және т.б. спорт түрлерінен бірталай ұл мен қыз­ чемпион болды. Қазір бәрін атап шығу да қиын. Шәкірттерім өзімнен озды, оған тек қуанамын. Кикбоксшылар Әмір Тінәлин, Мирас Бірімжанов, Самат Қадырбеков, балуандар Асхат Құдайбергенов, Мақсат Нүсіпов, Ринат Нығматуллин, Тұрлан Елеуов, Ақан Баймағамбетов, Нұртас Өтепбергенов, Данияр Кәленов, жеңіл атлетшілер Маргарита Мацко, Андрей Белоусов, велошабандоздар Наталья Стефанская, Елена Обатурова, конькишілер Наталья Рыбакова, Елена Урванцева, Дмитрий Бабенко, Роман Креч және басқалары әлем, Еуропа, Азия біріншіліктерінде талай рет жеңімпаз, жүлдегер болды. Бұлардың бәрі – Тәуелсіздіктің арқасында келген жетістіктер. Спортшыларымыздың әлемдік ареналарда өнер көрсетіп, елімізді шетелдерге танытып, егемендікті баянды ете түсуге деген талпынысы сүйсінтеді.
Мен өз ғұмырыма спортты айнымас серік еткен адаммын. Жасым мерейлі жетпіс бестен асса да, саптағы сарбаздай болғым келеді. Өйткені, елу жылдай уақыт бойы спортпен шұғылданып келемін. Қазақстанның Құрметті спорт шеберімін. Өзім жаттыққан грек-рим күресі бойынша көптеген белгілі шәкірттерім жолымды жалғастырып жүр. 2009 жылы өңір спортының өркендеуіне сіңірген еңбегім еленіп, облыстық мәслихаттың шешімімен “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атандым. Қазір де жастармен арадағы байланысымды үзбей жүрмін. Осы ретте бұқараны спортты сүюге шақырамын. Елдің әрбір азаматын елжандылыққа, Отанды сүюге баулу – баршамыздың парызымыз.

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,
облыстың құрметті азаматы, спорт ардагері.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp