Өңіріміздің метеорологтары құтқарушылармен бірге елді мекендер мен өзендердің қар жамылғысындағы су қорына зерттеу жүргізуде.
“Қазгидромет” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының хабарлауынша, мұндай зерттеулер 2018 жылдан бастап қаңтар, ақпан және наурыз айларында жүргізіліп келеді. Зерттеу бағыты алты пункттен тұрады. Атап айтқанда, алдымен Есіл ауданының Мальцево ауылында, одан әрі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Мұқыр, Золотоноша ауылдары мен Жембарақ өзенінде, кейін Айыртау ауданының Новосветловка ауылы, Бабық-Бұрлұқ өзені және Алтын-бұлақ ауылында қардағы су қоры тексеріледі.
22 ақпан күні алғашқы пунктте – Есіл ауданының Мальцево ауылындағы зерттеу қар жамылғысындағы су қоры көлемінің қаңтармен салыстырғанда 40 пайызға артқанын көрсетті. Бұл мөлшердің 2019 жылғы көрсеткішке қарағанда 70 пайызға көп екені әрі өткен жылғы деңгейге ұқсастығы белгілі болды. 11 ақпаннан 20 ақпанға дейін қардағы су қоры облыс бойынша 30 пайызға өсіп, 37-ден 101 миллиметрге дейінгі мөлшерді құрады.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.