«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАР – ЖЕҢІМПАЗДАР МЕКЕНІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Сол жетістіктердің арасында спорттағы жеңістердің орны бөлек. Қазақстандық спортшылар әлемдік ареналарда талай атой салып, көк туымызды биікте желбіретіп, әнұранымызды дүниенің төрт бұрышына естіртті. Қызылжар өңірінің оғландары да дүбірлі додаларда алдына қара салмай, алтыннан алқа тағынды. Бұл жеңістердің бәріне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізгенімізді ұмытпағанымыз абзал.

Тоқсаныншы жылдардың басында Солтүстік Қазақстан облысында бар-жоғы 10 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен 1403 спорт ғимараты болды. Бұл біздің өңір үшін тым аз еді. Сондықтан қалаларда да, ауылдық жерлерде де спорттық инфрақұрылымды салуға және ескілерін жөндеуге баса назар аударылды. Бұған бүгіндері спорт мектептері санының 27-ге, ал жалпы дене шынықтыру нысандарының 2870-ке жетуі дәлел. Бір атап өтерлігі, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Қазір 176 мыңнан астам солтүстікқазақстандық, яғни өңір тұрғындарының 32 пайызы бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері облыста барлығы 393 хоккей корты салынды, олардың 8-і – жабық кешендер. Мұз айдындарының бірі Есіл ауданындағы Заградовка ауылына тиесілі. Дәл осындай кешен Айыртау ауданында да бар. Ал Талшық ауылында 100 орындық трибунасы бар жабық хоккей корты жұмыс істейді. Барлық аудандардағы футбол стадиондары қайта қалпына келтіріліп, жасанды жамылғысы бар 46 шағын футбол алаңы салынды. Бірер жыл бұрын Петропавлдағы “Қарасай” стадионына күрделі жөндеу жүргізілсе, “Жастар” стадионына жаңа трибуналар орнатылып, жүгіру жолағының жамылғысы ауыстырылды.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ жанында 50 метрлік заманауи бассейн және “Нептун” ойын-сауық кешені пайдалануға берілді. Қала тұрғындары суда жүзіп, спорт залдарында жаттығу мүмкіндігіне ие. Осыдан бес жыл бұрын Петропавл қаласында заманауи Спорт сарайы пайдалануға берілген болатын. Бұл сала өкілдерінің көпжылғы арманы еді. “Жас өркен” шағынауданында орналасқан кешенде үш функционалдық блок – жеңілатлетика манежі, мұз айдыны, велосипедшілер мектебі орналасқан. Сондай-ақ, жаттығу, жалпы дене шынықтыру, жекпе-жек, күрес залдары бар. Мұнда спорттың 12 түрі бойынша жаттығуға болады. Бұл ірі нысанның дәл жанында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында заманауи Теннис орталығы ашылды.
2013 жылдан бері спорт нысандарының құрылысы белсенді жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Бұған дейін Қызылжар ауданындағы Бескөл мен Новоникольск, Тимирязев ауданындағы Жарқын, Шал ақын ауданындағы Сергеевка мен Жаңажол елді мекендерінде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынған. Ал Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимкада 25 метрлік бассейн іске қосылды. Жаңа нысандар Уәлиханов пен Мағжан Жұмабаев аудандарының орталықтарында да бар. Бүгінгі таңда “Жұмыспен қамтудың жол картасы” және “Ауыл – ел бесігі” бағдарламалары аясында тағы алты дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Қызылжар өңірі өзінің спорттағы жетістіктерімен мақтана алады. Жан-жақты қолдаудың арқасында жерлестеріміз бәсі биік додаларда жеңіс тұғырынан көрініп, өңір абыройын асқақтатуда. Атап айтқанда, балуандар Нұрым Дүйсенов пен Роман Мелешин, конькишілер Владимир Клепинин, Вадим Шақшақбаев, Наталья Рыбакова, Дмитрий Бабенко және Роман Креч, суда жүзуші Владислав Поляков, велоспортшылар Сергей Яковлев, Бахтияр Қожатаев, Артем Захаров, жеңіл атлеттер Елена Парфенова, Маргарита Мұқашева, Ирина, Евгений және Екатерина Эктовалар жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын абыроймен қорғай білді. Атақты жерлестеріміздің арасынан әйгілі велошабандоз, Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуровты ерекше атап өткен жөн. Қазақстанның құрметті спорт шебері Тәуелсіздік жылдары жазғы Олимпиада ойындарына үш рет қатысты. Атап айтқанда, 2000 жылы Сиднейде жекелей сында 239,4 шақырымды бағындырып, күміс медальға ие болды. Бұл – Солтүстік Қазақстан облысы тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдесі болатын. Ал 2012 жылы Лондондағы ХХХ Олимпиада ойындарында жерлесіміздің жұлдызы жанды. Ол топтық сайыста чемпион атанып, айды аспанға шығарды. 2017 жылы кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов америкалық Роуши Уорренмен қолғап түйістіріп, жеңіске жетті. Осылайша, “WBA” нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанды.
Жергілікті кәсіби спорт клубтарының жұмысын атап өткен жөн болар. Республикалық және халықаралық ареналарда өңіріміздің намысын қорғайтын 9 спорт клубы (8 кәсіби және 1 мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған) бар. Оған 663 кәсіби спортшы мүше. Тоқсаныншы жылдары Петропавл қаласында волейбол мен футбол клубтары құрылды. Жергілікті аяқдоп шеберлері 1999 және 2000 жылдары ел біріншіліктерінде күміс медальға ие болса, 2001 жылы үздік үштікті түйіндеді. Ал 2010 жылы атауын “Қызылжар” деп өзгерткен клуб бірінші лигада өнер көрсетіп, 2016 жылғы маусымды қола медальмен аяқтады. Соңғы уақытта жанкүйерлерін жақсы нәтижемен қуантып жүрген команда сегізжылдық үзілістен кейін Премьер лигаға қайта оралды. Волейболшылардың да жетістіктерімен мақтана аламыз. Жергілікті ерлер командасы 1995 жылы Қазақстан кубогында топ жарса, 1999, 2006 және 2010 жылдары күміс медальға ие болды. Бүгіндері “Есіл” клубы ел біріншілігінде сәтті өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінуде. Әйелдер арасында сынға түсіп жүрген “Қуаныш” клубы 2013 жылы құрылған болатын. Негізінен, жергілікті қыздардан тұратын команда 2016 жылғы маусымда әйелдер арасындағы ел чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал келесі жылы жеңімпаз атанып, Ұлттық лига деңгейіне көтерілді.
Өңіріміздің үздік баскетболшыларының басын қосқан кәсіби клуб та ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріге қол жеткізді. Тоқсаныншы жылдары жергілікті “Буревестник” командасы ел біріншілігінде үздіктердің қатарында болғанын біреу білсе, біреу білмес. Кейін “Университет” болып атауы өзгерген команда Азия ойындарының жүлдегері Михаил Дедовтың жетекшілігімен 2005 жылға дейін Қазақстан кубогы мен ел біріншіліктерінде үздік үштіктің құрамына кіріп жүрді. Ал 2015 жылы атауы “Барс” болып өзгерген клуб өкілдері ерлер арасында Жоғары лигада сәтті өнер көрсетуде.
2015 жылы құрылған “Құлагер” хоккей клубының жетістіктерін атамай кетуге болмас. Ел біріншілігінде үздік үштікті түйіндесе, 2016-2017 жылдары Қазақстан кубогында екі мәрте жеңімпаз атанды. “Vino4ever SKO” велоклубы да қысқа мерзімде өздерінің бәсекеге қабілетті екендіктерін дәлелдей білді. Аталмыш клуб өкілдері бірқатар халықаралық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінді. Жергілікті команда велоспорттан әлем біріншілігіне екі мәрте қатысып, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жолдамасына қажетті ұпайларды жинаған. Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” клубының өкілдері халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Мәселен, Паралимпиада ойындарының қатысушылары Сергей Харламов, Елена Мазуренко, Қайрат Қанафин, Сергей Усольцев, Александр Герлиц және Владимир Эрманды ерекше атауға тиіспіз. Клубтың шаңғышылар командасы еліміздегі үздіктердің қатарында. Бұған Қазақстан кубогы мен ел біріншіліктеріндегі жетістіктері дәлел.
Осыдан екі жыл бұрын ұлттық спортты дамыту мақсатында Петропавл қаласында “Қызылжар арландары” клубы құрылған болатын. Балуандар бүгіндері ел көлеміндегі дүбірлі додаларда топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Екі мәрте Қазақстан кубогының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ, жерлестеріміз спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының кубогында жеңіске жетті. Бұл біздің облыста бұрын-соңды болмаған нәтиже.
Отыз жылдың ішінде еліміз спортта толайым табыстарға қол жеткізді. Мемлекет қолдауының арқасында жерлестеріміз әлемдік ареналарда атой салуда. Алдағы уақытта да бұл игі дәстүр өз жалғасын табады деген сенімдеміз.
Асылбек ӘЛДИМЕНОВ,
облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы
басшысының орынбасары. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp