Ұмытпасам, Қазақстан егемендігінің екінші онжылдығының аяқталар тұсы. Көптен бері ойын-сауық орталығын ашуды ойластырып жүрген едім. Кәсібім дөңгеленіп, қаражат жиналып, соның реті келген сияқты. Үйге тезірек жетіп, осы қуанышымды әкеммен бөліскенше асықтым.
Әкем менің сөзімді сабырлы қалпымен тыңдап алды да, үнсіз қалды. Бір кезде басын көтеріп, оқты көзін маған қадады да “кеттік” деді. Машинаны от алдырып, айтқан жеріне – мешітке келдік. “Көрдің бе?” – деді Алла тағаланың жердегі үйін нұсқап. Әкемнің не айтпағын қабағынан бірден түсіндім. Расында да, мешіт деген аты болмаса, көптен күтім көрмегендіктен сыртқы кейпіне адам қарауға ұялатын. Аудан орталығында 13 метрлік күмбезі бар, минаратының биіктігі 17 метр ғибадатхананы тұрғызуға 60 млн. теңге жұмсалып, жұртшылық игілігіне пайдалануға берілгенде арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілденіп сала берген едім. Бұл – Тәуелсіздік асыл дінімізге де еркіндік алып келгенінің бір көрінісі.
Кешегідей болып көрінетін сол кезеңдегі тарихи сынақтар әлі күнгідей санада сайрап тұр. Шыны керек, Кеңес одағы ыдырағанда саяси ахуал дәл мұндай сипатта өрбиді деп ешкім күткен жоқ. Нағыз тәуелсіздіктің белгісі бір-бірінен ажырағысыз қос ұғым – саяси және экономикалық дербестік десек, Елбасымыз ұлт болашағын айқындайтын өзекті мәселелерде күрделі шешімдерге бара білді. Қарапайым адамдардың да зор ұстамдылық танытқаны күні бүгінгідей есімде. Топырағы торқа болғыр, механизатор Николай Мишичкин, агроном Николай Воскресков қандай қиын кезде де қасымнан табылды. Тәжірибелі комбайншы Жарқын Төлебаевпен шаруашылық құрылғалы қызметтеспіз.
“Баянтай” серіктестігінің қазығы қағылған жылы бір мың гектар жерге егін егуге жанар-жағармай таппай әркімге бір қол жайғанымыз, ескі “Нивамен” жұмыс істегеніміз қазір біреулерге күлкілі көрінуі мүмкін. Бұл ащы болса да сол кездегі өмір шындығы. Қиындыққа мұқалмай, мойымай, алға ұмтылудың арқасында өз қолымыз аузымызға жетіп, қазір жүзден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз. 10 мың гектар алқапқа дақыл сеуіп, бұдан бөлек жылқы, ірі қара, қой түліктерін өсіреміз. Элиталы тұқым шаруашылығы мәртебесіне иелендік. Элеваторымыз, “Самғат” ат спорты мектебіміз, наубайханамыз бар. Қазақтың ұлттық ойындары мен өнеріне әр кез қолдау көрсетіп отырамыз.
Адал еңбек алға жетелейді деген осы! Осындай биік белестерді бағындыруымыз, толайым табыстарға жетуіміз, арманның ақиқатқа айналуы – Тәуелсіздіктің арқасы.
Сырымбет ЕСЕНҒАЛИЕВ,
“Баянтай” ЖШС-нің директоры,
Айыртау ауданының құрметті азаматы.
.