Коронавирус инфекциясының таралу қаупі жөнінен Батыс Қазақстан облысы 16 наурыз күні «қызыл аймақ» қатарына енді.
Облыста індет жұқтырғандар мен қайтыс болғандар саны артып барады. 16 наурыз күнгі мәлімет бойынша, соңғы тәулікте 51 адам індет жұқтырған. Ал жалпы осы дерттен қайтыс болғандар саны 219-ға жетті. Осыған орай өңірде карантин талаптары күшейтілетіні облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен штаб отырысында хабарланды.
– Жыл басынан бері облыста КВИ-ге 4657 адам шалдықса, 50 адам коронавирус індетінен қайтыс болды. Нақтырақ айтсақ, қаңтарда 28 адам, ақпанда – 15, наурызда жеті адам қайтыс болып отыр. Індет жұқтырғандардың 34 пайызы – 80 жастан асқандар, 28 пайызы – 40-65 жас аралығындағылар болса, 24 пайызы – 65-80 жас аралығындағылар. КВИ-ге шалдыққандардың дені Оралда, одан кейін Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарында тіркеліп отыр. Ауру ошағы – негізінен індет жұқтырған отбасылар, қоғамдық көліктер, жұмыс орындары мен сауда үйлері, отбасылық шаралар. Үшінші тоқсан басталғалы 334 оқушы коронавирус жұқтырған, – дейді Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.
Бүгінде облыста жұқпалы ауруларды емдейтін 7 стационар, 13 ПТР зертханасы бар. Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтың айтуынша, облысқа 4 наурызда 6500 дозадан тұратын вакцинаны екінші партиясы жеткізілген. Жалпы 1 ақпаннан бері облыста медицина саласының 2210 қызметкері, 322 педагог, күштік құрылымдардың 40 өкілі екпе алып үлгерді. «Вакциналау күн сайын, барлық ауданда жүріп жатыр» деп хабарлайды денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Соңғы мәліметтерге қарағанда, өңірдегі инфекциялық 7 стационардағы жалпы төсек саны 591 болса, бүгінде онда 275 науқас ем алуда. Яғни кереуеттердің 53,5%-ы бос. Карантиндік стационарларда 38 адам бар. Жансақтау бөлімдерінде 16 науқас жатыр. Облыс бойынша инфекциялық ауруханаларда – 1221, карантиндік стационарларда – 765 кереует резервте тұр.
Наурыздың 16-сы күнгі мәлімет бойынша осы оқу жылында оқушылар және балабақша тәрбиеленушілері арасында 563 оқиға тіркеліпті. Мәселен, өткен жылдың қыркүйек айында – 4, қазанда – 5, қараша айында – 102, желтоқсанда – 78 оқушы коронавирус жұқтырған. Мектепке дейінгі ұйымдардан 16 бүлдіршін ауырған. Ал 2021 жыл басталғалы вирус жұқтырған оқушылардың саны 358-ге жеткен.
Ірі өндіріс орындарындағы ахуал да қатаң бақылауда. Мәселен, «Жайық Мұнай» мекемесінде 2020 жыл бойына коронавирус жұқтырған 61 оқиға тіркелсе, олардың бәрі де вахтаға кірер алдындағы тексеріс кезінде анықталған екен. Ал биылғы қаңтардан бері мұнда тағы 35 адамнан вирус анықталды. Кен орнында қызмет етіп жүрген жұмысшылар арасынан вирус шыққан жоқ.
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг компаниясында да 2020 жылы қауіпті вирус жұқтырған қызметкерлер саны 86-ға жеткен болатын. Ал биыл жаңа жыл басталғалы 48 оқиға тіркелген. Оның 16-сы – вахтаға кірер алдында, 12-сі – вахта кезегі аяқталған кезде анықталса, 20 адам жұмыс уақытынан тыс жүрген кезінде тексеріліп, вирус жұқтырғаны белгілі болған.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков өңірдің «қызыл аймаққа» енуіне байланысты қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс кестесін кешкі 22.00. сағатқа дейін шектеуді ұсынды. Ал облыс басшысы Ғали Есқалиев алда келе жатқан мереке кезінде көпшілік шараларды барынша шектеуді тапсырды.
18 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы, облыстың бас санитары Мұхамғали Арыспаевтың жаңа қаулысы шығатыны белгілі болды. Егер өңір «қызыл аймақтан» шықпаса, карантиндік шаралардың күшейетіні анық.
https://egemen.kz